Бүгін - Халықаралық би күні
Қаражорға қай елдің биі? Тәуелсіздікпен бірге елге қайта оралған ұлттық өнерге күмәнданатындар да бар.
Айтсақ, қазақта Қаражорғадан да басқа би түрлері көп. Тіпті осы сахналық өнердің өркен жайып, өзгерлерді мойындатып жүргенін де білеміз. Өйткені Шара Жиенқұлованың қимылына заманауи леп қосып, әлемге насихаттап жүргендер аз емес. Ал «Қаражорғаны» билемейтін қазақ кем бұл күнде. Бүгін – Халықаралық би күні. Бұл мейрам 1982 жылы ЮНЕСКО шешімімен бекітілген.
Қазір үлкен сахнадан бөлек, той-томалақта да «Қаражорғаны» билемейтіндер кемде-кем. Тарихқа жүгінсек, бұл – қазақтың көне дәуірден келе жатқан биі. Ал этнограф Көкбөрі Мүбарактың пайымынша, буын биі бар қазаққа тән емес. Көбіне Алтай-Сауыр, Баян-Өлгей, Қобда, Аякөздің Шұбартауы, Зайсан, Сарыөзектің Қарашоқысы, Баркөл, Ақсай, Алтыншоқы, Еренқабырға, Үрімжі, Боғда, Майлы-Жәйір өңірінде биленді. Әрі оның түбірі «Құр жорға» болған. Назарларыңызда этнограф Баяхмет Жұмабайұлы ұсынған Өр Алтай қазақтарының биі.
Көкбөрі Мүбарак, этнограф:
- Қаражорға жылқы туралы би емес. Әрине, Қаражоға деген жылқы туралы бізде күй бар. Мысалы Байжігіттің күйі бар.Бұл «Құр жорға» деген кәдімгі құс туралы би.
Қаражорға биі елге 90 жылдары көшкен қазақпен қайта оралды.Көкбөрі Мүбарак, бидің қазақтыкі екеніне шек келтірмейді. Оны ертеректегі Айман-Шолпан, Еңлік-Кебек қойылымдарынан да аңғаруға болады. Мұхтар Әуезов қаражорға биін театр сахнасында көрсеткен кезде Шыңғыстаудың оңтүстігіндегі Керейлерден алған. Осы өңірдің тумасы Мұхтар Мағауин бидің өз елінде биленгенін растайды. 1930 жылдары Пәкістан аумағына ауып барған Керейлердің қаражорға билегенін АҚШ журналистері суретке түсірген.
Көкбөрі Мүбарак, этнограф:
- Бұл құрдың еркегі мекиенге таласқанда және мекиендермен жұптасқан кезде билейді. Мекиен көбіне тыныш орында тұрады да, айналып, жорғалайды. Қазақтың "қара жорға" биінде де қыз былқ-сылқ етіп, бір орында тұрады. Жігіт оны айнала билеп шығады. Содан екі қораз таласады ғой, айбар шеккенде бірден әтештікі секілді таласа кетпейді бұлар.
Құрдың екі қоразы бір-бірімен жағаласпай тұрып, билейді кәдімгідей жорғалайды.Сол кезде қанатын дөңгелектеп, Қара жорғадағыдай ғой, құрдың қанаты бір кіргізіп, бір шығарып, мойнын алға қылқылдатады. Ал біздің сахнадағы би оған мүлде ұқсамайды. Нағыз екі құрдың әрекетін, тура соны бейнелейді. Бұл Құр жорғамыз кейін Қаражорға болып кетеді.
Қалай дегенмен де, Қаражорға биі бүгінгі болмысымызға үйлесіп тұр. Ұлттың биі ұлттың жігерін жаниды. Ең бастысы қайта оралған би қазақ өнерін байыта түсті. 23 жылдық тарихы бар өнер және білім ордасы талай бүлдіршіннің би әлеміндегі шырағын жаққан «Нұрсәулем-ай» би мектебінің көркемдік жетекшісі Меруерт Жараспаева да «елде ұлттық билерге қызығушылық жоғары», - дейді.
Меруерт Жараспаева, «Нұрсәулем-ай» би мектебінің көркемдік жетекшісі:
- Біздің ұлттық академия болсын. Селенева училищесінің қазақ отделениесі толып тұрады. Демек, біздің қазақ биіне, қазақ өнеріне деген қызығушылық өте көп. Ол қуантарлық зат.
Кішкентай бишілер де буын биін бұлжытпай билеуге тырысады. Би, өнердің өзге түрлері тәрізді, тарихымыз десек оны ертеңге жалғайтын осы ұрпақ.
Кәусар Өсербай, биші:
- Маған билердің барлық түрі ұнайды. Әсіресе, Қаражорға биі. Біз сол би арқылы қазақ халқының мінезін көрсетеміз.
Иә, Қаражорға да қазақтың мінезін көрсетеді. Тек бұрынғы Қаражорға бүгінгісінен әлдеқайда рухты болатын дейді этнограф. Жалпы ескілікті билердің құрылымы табиғат пен халықтың тұрмысымен астасып жатқан дүние. Әйгілі Лезгинка Дағыстандағы тауешкілердің қимылына құрылған. Ал қазақта Аю, Аққу, Бүркіт билері де бар.