Мемлекет басшысы Люксембург Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембург Премьер-министрі Люк Фриденмен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылады. Әсіресе энергетика, қаржы, цифрлық технология, инновация және басқа да салалардағы өзара тиімді кооперация мәселесіне баса мән берілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Люк Фриден Еуропа Одағы аясындағы серіктестік әлеуетін пайдаланудың, сондай-ақ Бенилюкс елдерімен ықпалдастықты күшейтудің маңызына назар аударды.