Мемлекет басшысы: Біз – бейбіт мемлекетпіз, бірақ қамсыз отыра алмаймыз

фото: akorda.kz

Айбынды армия – елдің тұғыры, тыныштығының тірегі. Бүгінде ел әскері ең озық қарумен және техникамен жарақтандырылып жатыр.

Ауқымды оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, сарбаздардың жауынгерлік машығы да әрдайым шыңдалуда. Бұған бүгін Президент жоғары бағасын беріп, бірқатар әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне арнаулы атақтар мен сыныптық шендерді табыстады.

Риат Шони, тілші:

- Ақорданың іші бүгін ерекше жарқырады. Мәрмәр еденге күн сәулесі емес, әскерилердің иықтарындағы жұлдыздары мен кеудеге таққан медальдардың жалтыры шағылысты. Бүгін бұл жандар үшін ерекше сәт. Президент қолынан марапат алу бақыты бұйырды. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы сардарлар мен сарбаздарды алдағы Отан қорғаушы күнімен құттықтап, ел қорғаны болған ерлерге құрмет көрсету, Отан үшін жанын қиған аға буынның ерлігін ұмытпай, ұрпақ жадында жаңғырту қалыптасқан дәстүрге айналғандығын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ сарбазы қай кезде де елін қорғай білген. Жерінің шетіне жау тисе, жұдырықтай жұмылып бір тудың астынан табылған. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Жеңіс мерекесі ерен ерлікті паш етеді. Сондай-ақ бейбіт өмірдің, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындырады. Жеңіс күні арқылы ұрпаққа берілетін ең басты тағылым осы.

Қазақстанның күштік құрылымдары баһадүр бабалардың лайықты ізбасары. Елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қас қақпай күзетіп жүрген жауынгерлердің ерлігі орасан зор. Ел ішіне іріткі салғандарға да қорғау органдары мен арнауы қызметтер деп кезінде тосқауыл қойып келеді. Бүгінде ел армиясының беделі әлемде де мойындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр біз Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз – бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз. Мен бұл Қазақстанның мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүрмін. Дегенмен қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруға тиіс.

Қарулы күштердің әлеуетін нығайту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұған мемлекет ерекше көңіл бөліп келеді. Қаржыландыру көлемі де жыл сайын арттырылып, әскеріміз ең озық қарумен және техникамен жарақтандырылып жатыр. Ауқымды оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, сарбаздардың жауынгерлік машығы әрдайым шыңдалуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әскеріміздің арнаулы халықаралық жарыстардан жүлдемен оралуы – олардың дайындығы жоғары екеніне дәлел. Әскерилер, арнаулы және құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылған. Оларды мемлекет әрқашан қолдайды. Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс.

Бүгінгі салтанатты жиын барысында Президент ел қалқаны – армияның даму деңгейін жоғары бағалап, бірқатар әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне арнаулы атақтар мен сыныптық шендерді табыстады.

Айбынды армия – елдің тұғыры, тыныштығының діңгегі. Ерлік пен тәртіпке сүйенген сарбаз рухы – ел бірлігі мен бейбіт өмірдің берік кепілі. Бұны бүгін Президент қолынан марапат алған әр сардар мен сарбаз жақсы түсінеді. Өйткені олар үшін шен – мәртебе емес, міндет, ал марапат  – мадақ емес, сенім.

Авторы: Риат Шони, ПТРК