Елорда төріндегі әскери парад – ерлікке тағзымның белгісі
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл.
Отты жылдары жауды жермен жексен етуге отандастарымыздың да қосқан үлесі өлшеусіз. 500-ден астам қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Еліміздің тарихында ерекше орын алатын батырларымыздың есімдері мәңгі ұмытылмайды. Ерлікке тағзым ретінде бүгін елорда төрінде әскери шеру өтті. 4 мыңнан астам жауынгер мен 400-ден астам әскери техника сап түзеп, айбынды армияның қауқарын жұртшылыққа паш етті. Шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен құрметті қонақ ретінде Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты.
Сымдай тартылған сарбаздар сап түзеп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шерудің басталуын тағатсыздана күтіп тұр. Бір ай бойы тынымсыз дайындалған қыз-жігіттер бұл күннің маңызын терең сезінеді. Әр қадам, әр бұйрық — жауапкершілік пен мақтаныштың айғағы.
Риат Шони, тілші:
- Тәуелсіздік туы қолымызда, тыныштықтың кілті сапта тұрған сарбаздарда. Ел ертеңі — бейбіт аспан мен мығым шекарада. Биыл Жеңіс шежіресіне 80 жыл. Бұл ел мен ердің есінен кетпес ерлікке толы тарих. Міне, бүгінгі парадта 4 мыңға жуық сарбаз сап түзеп, 400-ден астам әскери техника танкіден зымыран кешеніне дейін отан қорғанының қуатын айқын көрсетеді. Ал көк аспанды тіліп өтетін авиация еліміздің әуе шебінің темірқазық тірегі екенін дәлелдейді.
Алаңда соңғы әзірлік жүріп жатқанда, соғыс және тыл ардагерлері емен жарқын әңгімелесіп, мереке күні ән салуда. Шаттыққа толы жүздерден мақтаныш пен сағыныштың лебін аңғаруға болады. Олардың әр әңгімесі – тарихтың тірі куәсі, әр әні – бейбіт өмірдің бағасын ұқтырған үн. Сұрапыл соғыс басталғанда Құрмат Рахимов 18 жастағы бозбала еді. Шығыс Қазақстаннан майданға аттанған ол Литва мен Беларусь жерін азат етуге қатысқан. Сонымен қатар Кенигсбергті алуға да ат салысқан.
Құрмат Рахимов, соғыс ардагері:
- Қиын жағдай көп болды. Жауды көріп отырып соғыссаң – ол бөлек, жауды көрмей отырып соғыссаң, қай жерден шығатынын білмесең қиыны осы. Алдастырып жүріп, екі адамды пленге алдық. Соны қайтарып әкелейін деп келе жатқанда біздің алдымыздан 20-30 атқылап қарсы шықты. Дұрыс көрінбейді. Атып жатыр, атып жатыр. Жақындағаннан кейін мен граната деген команда бердім. 10 граната жақындаған кезде бірақ лақтырды. Көбі жығылды.
Бүгінгі парад — жай шеру емес. Бұл егемен елдің еңсесі биік, тұғыры берік екенін білдіретін тарихи сәт. Бұл ата-бабаның төккен қаны, ананың жасы, тылда төгілген тер еш кетпегенінің дәлелі.
Әскери шеру дәстүрге сай мемлекеттік ту мен Жеңіс туын алаңға алып шығудан басталды. Сұрапыл соғыс жылдары қазақстандық жауынгерлер майданның алдыңғы шебінде ерлікпен шайқасты. Рейхстагты алуда да жанқиярлық танытты. Өшпес ерліктің арқасында 1945 жылдың 30 сәуірінде отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов алғаш болып Жеңіс туын тіккен болатын. Сұрапыл жылдарда өжеттілік танытып, өшпес ерлік көрсеткен отандастарымыздың үлесін бүгін Президент те ерекше атап өтіп, бейбіт күнді сыйлаған ардагерлерге алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз!
Ұлы Жеңіске Қазақстан халқының қосқан үлесі өлшеусіз. Отты жылдары майдан даласына 1 млн 200 мыңнан астам отандасымыз аттанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Бауыржан Момышұлы, Әли Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды қаһармандарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды.
- Тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты. Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады.
Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқдәрі дайындап, әскери киім тікті. Ал соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Ұлы Жеңісті ұлықтауға еліміз баса мән берді. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі беріледі. Бұл бейбіт күнді сыйлауға ат салысқан батырларға деген құрметтің белгісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел.
Алтын Орда, Қазақ хандығынан бері батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі ұрпаққа аманат етті. Солардың қазіргі ізбасарлары бүгінгі алаңда сап түзеді. Тәуелсіз еліміздің айбынды армиясы бүгін тыныштығымызды қас қақпай күзетіп тұр. Әлем мойындаған қарулы күштеріміздің беделі бүгінде жоғары.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауапкершілік. Бұл әр азаматтың перзенттік парызы. Сіздермен бірге барша азаматтарымыз Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құрып жатыр. Осы тарихи жұмысымыз табысты болсын!
Риат Шони, тілші:
- Астана аспанын жаңғыртқан ұлы саптың дүбірі — бұл жай ғана салтанат емес, бұл елдік рухтың, батырлық дәстүрдің айқын көрінісі. Қазір менің артымда сап түзеген сарбаздар тізіліп, әскери техникалар алаңмен жүріп өтуде. Туған елдің тұғырын биіктеткен қаһармандарға тағзым, бейбіт күннің бағасын ұғындырар ұлы күн! Бұл парад — өткенге тағзым, келешекке сенім!
Мереке Көшекбаев, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:
- 8 жылдан кейін орын алып отыр. Мемлекетімізге, жалпы әскерлерімізге маңызды парад. Өйткені Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтудеміз. Екіншіден, бүгін Отан қорғаушы күні, қарулы күштердің құрылған күні.
Бүгін алаңда жұртшылық ел қорғаны – айбынды армияның қауқарын көрді. 24 парадтық есеп тобы сап түзеп, Отан алдындағы антқа адалдығын паш етті. Әскери шеру мазмұндық тұрғыдан 2 бөліктен тұрды. Тарихи және заманауи. Яғни саптық жүріспен өткен жауынгерлер отты жылдардағы сарбаздардың киім үлгілерін киіп, сол кезеңнің қаруларын асынып, жүріп өтті.
Айдана Айтқұлова, №81067 әскери бөлімінің қызметкері:
- Мен тарихи коробкада болдым. Енді алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыздың ізін жалғаған, осындай парадта сол кісілердің бейнесінде жүру – ол енді керемет.
Ел армиясының бүгінгі күш-айбыны парадтың заманауи бөлігінде паш етілді. Соңғы жылдары әскер қатарында цифрлық жүйелер енгізіліп, ұшқышсыз ұшу аппараттары, заманауи байланыс құралдары мен жоғары дәлдіктегі қару-жарақтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алды.
Бас алаңда әскери теңіз күштері де сап түзеп өтті. Бұл жауынгерлер үшін дауыл да, күрделі жаттығулар да бөгет емес – олар Каспий жағалауында болсын, халықаралық бітімгерлік миссиялар мен бірлескен оқу-жаттығуларда болсын, кез келген тапсырманы мүлтіксіз орындауға әзір. Теңізшілердің есептік тобын Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Серік Борамбаев бастап шықты. Вице-адмирал – «Айбын» және II дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері.
Бүгінгі шеру Қарулы Күштердің жауынгерлік әлеуетін айшықтаған сәт. Озық бронетехникалар, жаяу әскердің ұрыс машиналары, көп мақсатты "Арлан" бронды көліктері, «Барыс» және «Таймас» секілді отандық өндірістің заманауи үлгілері жұртшылық назарын аудартты.
Көк жүзін тіліп өткен жойғыштар мен шабуылдаушы тікұшақтар ел аспанының сенімді қорғаны екенін дәлелдеді. Су-30СМ көп мақсатты жойғыштары, Ми-35 шабуылдаушы тікұшақтары мен әскери-көлік авиациясы сап түзеп, дәлдікті, тәртіп пен кәсібилікті паш етті.
- Су-30СМ жойғыш ұшақтары еліміздің өңірлерінде күнделікті жауынгерлік кезекшілікте тұрады.
БЛИЦ:
- Қаншама техника. Өзімізде шығып жатыр бұның барлығы. Әскери ұшақтар, осыншама көп ұшақ.
- Маған парад өте қатты ұнады. Өйткені көп ұшақтар мен тікұшақатар ұшып өтті.
1 ай бойы тынымсыз жаттығып, жұртшылық алдында сап түзеп өткен сарбаздар да өз қуанышын жасырмады.
Алмас Дәулетбек, қатардағы жауынгер:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдынан өткенде керемет сезімде болдық.
- Өтіп бара жатқан кезде дұшпандарымыз күйініп, халқымыз сүйсініп қарайтындай деген жалынмен өттік.
Жалпы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге 4 мыңға жуық сарбаз сап түзеп, 400-ден астам әскери техника қаз-қатар жүріп өтті. Бұл айбынды армиямыздың ұйымшылдығы мен темірдей тәртібін, әскери әлеуеті мен заманауи мүмкіндігін айқын танытқан көрініс болды. Батыр бабалар аманатына адал ұрпақ ел тыныштығы мен тұтастығын қорғауға әрқашан дайын екенін дәлелдеді.
Риат Шони, Марат Диханбаев