Ақтөбе облысында көктемгі дала жұмыстары ерте басталды
Биыл Ақтөбе облысында 806 мың гектарға дәнді-дақыл себіледі, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде 458 мың гектар алқапқа бидай мен арпа егіледі. Өңір шаруалары мал азығына қажетті майлы дақылдардың алқабын да ұлғайтты.
Биыл көктем ерте шығып, диқандар дала жұмыстарын жедел бастап кетті. Алдымен ылғал жауып, жерді дайындады. Алға ауданындағы бұл шаруа қожалығы арпа мен бидайға 1700 гектар әзірлеген. Ылғалды ысырап етпей, дер кезінде жауып үлгерді.
Владимир Якимов, шаруа қожалығының басшысы:
- Ылғал жапқаннан кейін топырақты қопсытып шықтық. Бұл астықтың сапасын жақсартуға, өнімділігін көбейтуге ықпал етеді. Топырақтағы ылғал деңгейін бақылап отырмыз. Қазір шамамен 80-90 см-ге жетті. Бұл жақсы көрсеткіш.
Өңірде көктемгі егіс науқаны қарқын алды. Шаруалар 30 мың гектар жерге тұқым сеуіп үлгерген. Оларды қолдау мақсатында 6 200 тонна дизель отыны қоры жасақталды. Диқандарға жанармай нарық бағасынан 15% арзан беріледі. Минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер және іріктеулі тұқымға бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге субсидия қарастырылған.
Айсұлтан Кеңбейілов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Жыл басынан бастап 500-ге жуық техника сатып алынды. Оларға 1,7 млрд теңге субсидия төленді. Нақты тоқталып кететін болсақ, тракторлерге, комбайндарға 30% дейін субсидия, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтеріне 50% дейін субсидия қарастырылған және де ылғал сақтау, суару құрылғыларына 80% дейін субсидия төленіп жатыр.
Биыл шаруалар майлы дақыл алқаптарын ұлғайтты. Мәселен, күнбағыс себілген жер көлемі 20 мың гектарға артты. Егін шаруашылығын әртараптандырумен қатар мал шаруашылығын дамытуға да елеулі септігін тигізеді. Мамандардың болжамынша, егіс науқаны мамыр айында толықтай аяқталады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов