БАӘ инвесторлары Қазақстанда ірі жобаларды жүзеге асырмақ

Біріккен Араб Әмірлігінің инвесторлары Құрық портында құны 100 млн доллар тұратын көпмақсатты терминал салады. Сондай-ақ Парсы шығанағының кәсіпкерлері елде қант зауытын салып, Астанада Smart City зияткерлік платформасын құрып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Екі елдің бизнес өкілдері Абу-Даби Тақ мұрагерінің сапары аясында бас қосып, бірқатар комерциялық құжатқа қол қойды.

Бекзат Аманов, тілші:

- АХҚО. Әлемнің әлеуетті инвесторлары шоғырланған бірегей хаб. Платформа аузын айға білеген кәсіпкерлердің назарын аударып, елдегі жаһандық жобаларға бастамашылдық жасап отыр. Орталық Біріккен Араб Әмірлігінің компанияларымен де тығыз байланыста. Мұнда Парсы шығанағынан 46 резидент тіркелген. Сол үшін де Абу-Даби Тақ мұрагері арнайы аялдап, жұмысымен танысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянға жетістіктер мен жобалар жайлы мәлімет берілді. Әрі қарай «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанатына қатысты.

Ал бұл қазақ пен арабтың қалталы кәсіпкерлері. Бүгін орталықта бизнесмендер бас қосып, сан саладағы серіктестікке серпін беру мәселесін талқылады. Нәтижесі көңіл көншітеді. Сомасы 5 млрд долларға жуық коммерциялық құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы Қазақстанға 4,3 млрд доллардан астам инвестиция құйған БАӘ – еліміздің Парсы Шығанағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді.

Расымен, ынтымақтастық аясы кеңейіп келеді. Араб кәсіпкерлерінің Қазақстанға деген қызығушылығы жоғары.

Блиц 1:

- Біз қонақүй бизнесі және құрылыс бағытында жұмыс істейміз. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Қонажай халық екенсіздер. Қазақ жұртымын іскерлік байланыс орнатуға асықпыз. Бизнес-форум аясында 3 кездесу жоспарладық. Бұл серіктестік сәтті өтетініне сенімдімін.

Блиц 2:

- Мен Police Side компаниясының операциялық директорымын. Бүгін біз жасанды интеллект пен технология тақырыбын кеңінен талқыладық. Сіздермен серіктестіктен мол әлеует көріп тұрмыз. Сол себепті Астанадан кеңсемізді аштық. Әрі қарай да екіжақты тиімті серіктестікті жалғастыра беретінімізге сенемін.

Абу-Дабиден 50-ге жуық компания өкілдері келді. Олар жаңартылатын энергия, транспорт-логистика, қаржы және айти саласына баса назар аударды.

Хумайд бен Салем, БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының Бас хатшысы:

- Бүгін ауқымды делегациямен келдім. Қатысушылардың 70-80%-і жеке сектор өкілдері, яғни, кәсіпкерлер. Біздің тарап Қазақстанның құзырлы органдарымен және әртүрлі бизнеспен 10-ға жуық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қарым-қатынасымыз өте берік. Ал осындай форумдар делегациялар байланысын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жасыл энергия, азық-түлік қауіпсіздігі, білім сынды салаларға қызығушылығымыз жоғары.

Сенімді серіктестікті қос елдің басшылығы да құп көріп отыр. Биліктегі берік байланыс ірі инвесторлардың сенімін арттыратыны түсінікті. Нәтижесінде соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай ірі жобалар қолға алынды. Соның бірі - Маздар компаниясы салатын Жамбыл облысындағы қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясы. Бұл елдің энергетикалық секторындағы ең ірі инвестициялық жобаның бірі. Келесі инвестор - "Абу-даби Портс Гроуп". Құрық портында 30 млн долларға бидай терминалын салған компания  тағы 100 млн теңгеге әмбебап терминалдың кіріпішін қаламақ. Мұндай мысалдар алда көп болады.

Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы

- Бүгін келіп отырған компаниялардың ішінде елімізге қызығушылығы жоғары, әлі жоба бастамаған көптеген компаниялар бар. Жаңа жобалардың ішінде Құрық портындағы мультимодальдық үлкен терминал салынбақ. Бұл еліміздің логистикалық мүмкіндігін арттыруға арналған жоба. Сонымен қатар жаңа қант зауытын салуға араб инвесторы инвестиция салмақшы. Сол туралы меморандумға қол қойылады.

Осы отырыс аясында пысықталған тағы бір жоба - Астанада Smart City зияткерлік платформасын құру. БАӘ-нен келген компания инфрақұрылымдық желілерді толығымен байланыстырады. Нәтижесінде, бір жерден өрт шықса немесе оқыс оқиға тіркелсе, камера автоматты түрде құзырлы органға хабарласып, көмек жедел жете алады.

Мақсат Көшімбаев, Presight AI Қазақстандағы аймақтық директоры

- «Smart City» жобасы қаланың цифрлық егізін құруды және инциденттерді басқаруды көздейді. Яғни, қалалық қызметтердің жұмыс ережелері цифрлық платформаға ауыстырылады, бұл үйлестіруді жеделдетуге, қаланы басқаруды тиімдірек етуге және жоспарлауды жақсартуға мүмкіндік береді.

Бизнес форумда делегация басшыларының қатысуымен 9 келісімге қол қойылды. Оның арасында ауыл шаруашылығы, логистика, білім және жасанды интеллект бағыттары қамтылған.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл алаң - бай-бағландардың құр басқосуы емес. Сындарлы серіктестіктің жаңа парағы. Жемісі жеті ұрпаққа жететін жобалардың ізашары десек қателеспейміз. Араб кәсіпкерлері ат басын текке бұрған жоқ. Қазақстанның дархан даласы кең, жерінің асты кен. Ал БАӘ – шөлден өркениет өсірген жұрт. Демек, тараптардың табысар тұсы көп. Оның үстіне достыққа дем беруді қос елдің билігі де құптап отыр. Сондықтан Астана мен Абу-Даби арасын жалғаған бизнес көпір берік қаланды деп нық сеніммен айтуға болады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров