Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады

фото: akorda.kz

Бикен Римова атындағы қазақ драма театры мен Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажет.

Президент мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде осылай деді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сала мамандарының еңбегі абыройлы әрі өлшеусіз екенін жеткізді. Өйткені олар ұлттың болмыс-бітімін сақтап, халықтың руханиятын байытуға сүбелі үлес қосады.

«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты», дей келе, Президент жаһан жұрты елімізді алдымен өнеріміз арқылы танитынын айтты. Мысалы, қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларда жоғары бағаланып жүр. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлемді тамсандырды. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұралар цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталып жатыр. «Өнер – халықтың жаны», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев сол өнерге өмірін арнаған дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Сондай-ақ Президент Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және елге сіңірген еңбегі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.