Президент ТМҰ-ға мүше елдердің орталық банктері өкілдерінің кеңесіне қатысты

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық банктері бас қосты.

Келелі кеңеске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиында  Президент Мажарстанда өткен бейресми саммитте Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын растағанын атап өтті. Тариф саясатының өзгеруінен туындаған жаһандық экономиканың трансформациясы жағдайында мұның мәні арта түсті. Сондай-ақ қазіргі кездегі күрделі өзгерістер қиындықтармен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Әсіресе көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру мен қаржы сияқты негізгі салаларда күш-жігерді үйлестіру қажет. Мемлекет басшысы қаржы секторындағы ынтымақтастықты кеңейту барысында орталық банктер негізгі роль атқарып, экономикалық және инвестициялық серіктестіктің қозғаушы күшіне айнала алады деп санайды. Кеңес соңында Қасым-Жомарт Тоқаев орталық банктер арасындағы кәсіби диалогтың кеңеюі түркі елдерінің экономикалық әлеуетін іске асыру үшін берік негіз қалайтынына сенім білдірді.