Қ.Тоқаев: Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады

Словакия Премьер-министрі Орталық Еуропа елін азат етуге өлшеусіз үлес қосқаны үшін қазақ халқына шынайы ризашылығын білдірді.

Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида еткен еді. Бүгін Қазақстанға ресми сапармен келген осы елдің Үкімет басшысы Роберт Фицо осы жасалған жақсылықтарды еске алып, оны ешқашан ұмытпайтындықтарын айтты. Сапар барысында Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен екіжақты келіссөз жүргізіп, сан саладағы әріптестік жайын да талқылады.

Риат Шони, тілші:

- Қазақстан мен Словакия – Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен мемлекеттер. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылдан бастау алып, содан бері бір-біріне сенімді серіктес ретінде қалыптасты. Экономика, білім, мәдениет, туризм салаларындағы әріптестік жыл сайын жаңа белестерге көтерілуде. Бірлескен жобалар, өзара сапарлар, іскерлік кеңестер – осының бәрі «бірлік бар жерде тірлік бар» деген ұғымның іс жүзінде көрініс тапқанын аңғартады.

Бұл бірлікті нығайту мақсатында бүгін Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Словакия премьер-министрі Роберт Фицо арнайы келді. Мәртебелі мейманға да құрмет ерекше. Ақорда сарайында Президент мейманды құшақ жая қарсы алып, салтанатты түрде қарсы алды. Бұл – Ұлы Дала мен Татраның арасын жалғаған сенімнің айқын көрінісі.

Словакия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі. Карпат баурайындағы елмен қарым-қатынасымыз жақсы. Шағын құрамда келіссөз жүргізген Президент бұны жоғары бағалайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады. Біз ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Дегенмен, тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар деп ойлаймын. Сондықтан Сіздің бұл сапарыңызға ерекше мән береміз, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенімдеміз.

Роберт Фицо, Словакия Премьер-министрі:

- Жоғары Мәртебелі Президент мырза, қонақжайлық танытқаныңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз. Бұл сапарымның қорытындысы табысты болатынына сенімдімін.

Бүгінде Словакия – Еуропа Одағына мүше елдер арасында айтарлықтай белсенді әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Сондықтан экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аудару қажет. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 140 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы табысты жұмыс істеп келеді. 22 бірлескен кәсіпорын да бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, қос мемлекет әріптестікті одан әрі нығайтып, энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру сынды бағыттарға көңіл бөлу қажет. Бір сөзбен айтқанда, қашықтыққа қарамастан, екі елдің бір мақсат жолында ынтымақтастық орнатып, толағай табыстарға жететін әлеуеті бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Словакияның аймақтық және халықаралық істерге қатысты айқын ұстанымы Сіздің сындарлы жаһандық дамуға бейіл екеніңізді дәлелдейді. Мен саяси диалогтың беки түскенін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, сондай-ақ көпжақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді іске асырылуын жоғары бағалаймын.

Орталық Еуропа елі – Словакия Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр жылдарында фашистік Германияның тепкісінде болды. 1944-1945 жылдары бұл елді азат ету жолында кескілескен ұрыстар жүріп, сол қанды шайқастарда Кеңес әскері құрамында шайқасқан қазақ жауынгерлері де өлшеусіз үлес қосты. 60 мыңға тарта батыр отандасымыз Словакия жерін жаудан қорғау үшін жанын пида етті.

Сол елдің топырағында мәңгілікке тыныстап қалды. Бұл ерлікті Словакия халқы еш ұмытқан емес. Бұны бүгін Роберт Фицо қазақ басшысына жеткізіп, шынайы ризашылығын білдірді.

Роберт Фицо, Словакия Премьер-министрі:

- Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүниежүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет.

Қазақстан – Орталық Азиядағы сенімді серіктес болса, Словакия – Еуропа жүрегіндегі маңызды көпір. Екіжақты қарым-қатынасымыз да тарихы маңызды оқиғаларға толы. Қос мемлекет арасында ешқандай түсініспеушілік болған емес. Қазір де жоқ. Кең ауқымды ынтымақтастыққа жол ашық. Осы ретте Президент экономикалық байланысты нығайтып, сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталды. Нақтырақ айтқанда, Үкіметаралық комиссия тең төрағаларының деңгейін министр дәрежесіне көтеруді ұсынды. Бұл инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге мол мүмкіндік бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс.

Тағы Президент еліміз Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде Словакияда еңбек етіп жүрген отандастарымыз жетерлік. Олардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтарының қорғалу мәселесі де назардан тыс қалмады. Тараптар халықаралық және аймақтық мәселелерге де назар аударып, пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бәрімізді алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Атап айтқанда, достығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында дамып жатыр. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз. Бүгінгі келіссөз қарым-қатынасымыздың өзара тиімді сипатын тағы да нақтылай түсті. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемі.

Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрған Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо сапар барысында басым бағыттардың барлығы талқыланғанын айтып, келіссөз қорытындысын жоғары бағалады.

Роберт Фицо, Словакия Премьер-министрі:

- Біз алға қарай үлкен қадам бастық. Бүгінгі уағдаластықтар қол қойылған тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта айқын көрініс табады деп ойлаймын.

Риат Шони, тілші:

- Словакия – Еуропаның жүрегінде орналасқан, ал Қазақстан – Еуразия кіндігіндегі көпір. География алыста болғанымен, мақсат ортақ, мүдде үйлесімді. Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырып, қос ел арасындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Татраның тұнық ауасы мен қазақ даласының еркін тынысы бүгінде жаңа бағытта тоғысып, достықтың алтын көпіріне айналды. Бұл байланыс – уақыт сынынан өтіп, болашаққа нық қадам басқан серіктестіктің жарқын үлгісі.

Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы