Биыл 4427 этникалық қазақ атамекеніне оралды

Ағайын елге оралып жатыр. Биылғы бес айдың бедерінде 5 мыңға жуық қазақ тарихи Отанына оралды, деп хабарлайды 24kz.

Ал 5 жылда 100 мыңға жуығы атажұртқа табан тіреді. 

 Дегенмен, жырақта жүрген, атамекенін аңсаған ағайын әлі де көп.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Гүлжанат Мұхтархан Қытайдан келген қазақ. Тарбағатай тауының шығысында туып, отыз жыл өмірін сонда өзкізген. Кейін елге көшіп келді. «Әлемнің он шақты еліне табаным тиіп, алты мемлекетте тұрып көргеніммен, атажұрттан артығы жоқ», - дейді ол.

Гүлжанат Мұхтархан, Астана қаласының тұрғыны:

- Шекарадан өткенде жылап отырып келгенмін. Келгеннен кейін бізде басқа ел, басқа жер, бәрін басынан бастау керек болды. Біздің Қазақстанның жері кең, қазақ өзі жақсы ұлт қой. Сөйтіп, ешқандай бөтенсіген жоқпыз, жұмысымызды бастап, істеп жатырмыз. Германияда жұмыс істедім, Польшада жұмыс істедім, кейін Черногория деген ел бар екен. Сол жердеде жұмыс істедім. Қайтып келіп Түркияда 2 жылдай жұмыс істедім. Шет елде жүрген немесе осылай шет елді көріп, Қазақстанның кең жерін, табиғатын көркем екенін көргенде осындай бір кең байтақ елім, жерім бар екеніне шын мәнінде қуанасың.

Биыл бас-аяғы 4427 этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Олардың дені жұмысқа жарамды жандар.

Яғни, 59%-і еңбек жасында, 31%-і бала, 8%-і зейнеткер. Қоныс аударғандардың дені Қытайдан келді. Сол секілді Өзбекстан мен Түрікменстан және Ресей мен Моңғолиядан келген бауырларымыз да бар.

Қазір олар Қазақстанның 8 облысына қоныстанып жатыр. Қандастарға мемлекеттік қолдау да қарастырылған.

Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің бас сарапшысы:

- Сегіз өңірде бізде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әр бір мүшелеріне 70 АЕК, қазір ол 275 мыңнан астам субсидия беріледі. Жыл басынан бері 339 қандастарға түрлі қолдау шаралы қолданды. 50%-і немесе бір отбасыға 4,5 млн теңге үй сатып алуға басқа қандастарға Жер кодексіне қатысты жер беріледі.

Қандастармен қатар Қазақстанға қоныс аударған өзге ұлт өкілдері де бар. Айтайық, биылғы бес айда 6 мыңнан астам адам елге көшіп келген. Ал туу көрсеткішін қосқанда қазақстандықтардың қатары 70 мың жанға өскен.

Ерлан Көпес, ҚР Ұлттық стататистика бюросының бас сарапшысы:

- 2025 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 353 000 адамды құрады. Туу көрсеткіші бойынша 106 мың сәби дүниеге келді. Бірақ өлім көрсеткіші бойынша есептесек 63,4 мың адамға өсті. Ал көші-қон көрсеткіші 6,3 мың адамға өскен. Халық санының ең жоғарғы өсу қарқыны елордада байқалады. Мәселен елорда тұрғындарының саны 30 мың адамға өсті. Оның 78%-і көші-қон есебінен.

Қазір Қазақстанның халық саны 20 млн адамнан асты. Оның 71%-і қазақ. Ең бастысы, жыл аралатып халықтың саны ұлғайып келеді.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын