О. Бектенов: Екібастұз үшін моноқала мәртебесі өзекті емес
Елімізде 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Былтыр елдегі өнеркәсіп өндірісінің 36,4%-і осы шаһарларға тиесілі болған. Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес бұндай қалаларда индустриалды аймақ құрылып, жеңілдікпен несиелеу және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде Саран моноқала мәртебесінен шығарылған.
Бұл жайлы бүгін Қарағанды облысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен республикалық семинар-кеңесте айтылды. Жиынға әкімдер, салалық министрлік өкілдері, кәсіпорын басшылары мен сарапшылар қатысты. Семинарда моноқалаларды дамытудың жаңа тәсілдері ұсынылып, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына кешенді талдау жасалды. Премьер-министр моноқалалардың инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа өндірістер ашу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса мән берді. Екібастұзда ферроқорытпа зауытының құрылысы мен индустриялық аймақтың дамуы оң нәтиже беріп отырғанын тілге тиек етті. Осы ретте Үкімет басшысы бұл шаһар үшін моноқала мәртебесі өзекті емес екендігін айтты. Жиын барысында Олжас Бектенов моноқалаларға инвесторлар тартуға басымдық беру керек екенін атап өтті. Бұл бағытта бос ғимараттар мен жер телімдерін ұсыну, кәсіпкерлікке жағдай жасау қажет. Семинар қорытындысы бойынша Үкімет басшысы жауаптыларға осы және өзге де бағыттарда сапалы жұмыстар атқару үшін бірқатар нақты тапсырма жүктеді.