Президент: Ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет

Әлемде суға сұраныс 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін.

Осы орайда Президент тұтас аймақтың тұрақтылығы үшін өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс деді. Қазақстан көрші елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенеді. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі.

Су шаруашылығы мамандарының кәсіби мерекесінде Президент бұл мәселені жайдан-жай еске алып отырған жоқ. Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдаланудың маңызы жылдан жылға артып келеді. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Бүгін Ақорда есігі еңбек ерлері үшін айқара ашық. Су шаруашылығы мамандары алғаш рет кәсіби мерекесін бас резиденцияда қарсы алды. Жылдар бойы тасада қалған саланың қызметкерлері жоғары дәрежелі марапатқа ие болды. Тиісінше майталмандар мезіретке мәз-мейрам.

Бұл Ақордаға айдыннан арнайы келген қауым. Қаладан гөрі даланы көп кезетін мамандар резиденцияның сәулетін қызықтады. Отырыс та көп ұзамай басталды. Мемлекет басшысы тіршілік нәрінің тілін тапқан сақа мамандарды түгел жинаған. Басқосуда да әуелі кәсіби мерекемен құттықтап, судың аса маңызды стратегиялық ресурс екеніне тоқталды. Ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Демек, Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздікпен теңеседі. Сол үшін Президент сала әрдайым мемлекеттің назарында болатынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. 

Шара кәсіби мерекеге арналған. Десе де отырыста той емес, елдің көкейіндегі ой айтылды. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев біткен істен кейін халық сарыла күткен іске көшті. Қазір айдын-көл айналасында 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бірақ мықты мамандар әлі тапшы. Демек, саладағы әлеуметтік мәселеге көңіл бөлу керек.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Бірінші - айлық көтерілді. Былтыр 25 пайызға көтерілді, биыл орта есеппен 50 пайызға көбейтіп отырмыз. Қазсушар мекемесінің орта айлығы 300 мың теңгеден артық. Ол әрине осы салаға мамандар келуінің бір әсері. 

Оның үстіне былтыр салаға бейімделген университет құрылды. Мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда қосымша білім алуда. Алайда алмақтың да салмағы бар. Мемлекет мықты маман тартып, олардың жағдайын жасауға кірісті. Тиісінше олардан өзекті мәселелердің шешімін күтеміз. Бірінші міндет - таза ауыз су. 

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды.

Мамандыққа бөлінетін грант екі есе артты.

500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр.

120 қызметкер Қытайда қосымша білім алуда.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдымызда тұрған шұғыл міндет – 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет. Қазір елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылды, яғни «аз пайдалансаң, аз төлейсің» деген қағида енгізілді. Сонымен қатар мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетуде, атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейтін болды. 

Бүгінде 470 мың гектар жерде озық технология іске қосылды. Президент бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Елдегі су үнемдеу бастамасын сала ардагерлері де жоғары бағалайды. Мәселен, жиында «Парасат» орденімен марапатталған Сұлтанбек Тәуіпбайұлы ысырапты ысырып барып, тапшылық тарқағанын айтады. 

Сұлтанбек Тәуіпбаев, еңбек ардагері:

- Бұрын атызға суды 5 сантиметрге дейін беретін. Қазір соны төмендетіп 3-2 сантиметрге дейін су бергенде бүкіл өсімдік сумен қамтамасыз ететіндей қол жетіп жатыр. Оған көптеген техника әкеліп жатыр, мамандар келіп жатыр. Насос қондырғылар пайдаланып жатыр. Кетіп бара жатқан суды екінші рет пайдаланып жатыр, таза сумен араластырып. 

Су қауіпсіздігі Қазақстанның дамуына тікелей әсер етеді. Демек, саладағы дипломатиясның да маңызы артты. Президент өзара міндеттемелерді орындау керек деді. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. 

Бұл керісіп емес, келісіп шешетін мәселе. Мемлекет басшысы конструктивті диалог һәм тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасатынына сенім білдірді. Бұл көршілерге қарата айтылған сөз. Қазіргі жағдай жаман емес. Былтыр диқандарымызға қажетті су толық жеткізілді. Президент бұл жұмысты биыл да жалғастыру керек деді. Парасатты дипломатияның жемісін оңтүстіктегі ағайын көріп отыр. Салаға еселі еңбегі сіңген маманның бірі - Дархан Сансызбайұлы. Жиында ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталған ол су қат болғанда, мәселені хат шешті дейді.

Дархан Ысқақ, "Қазсушар" РМК "Су-метрология" филиалы директорының орынбасары – бас инженері:

- Су мәселесі өте өзекті мәселе болатын. Қазір екі жылдай проблема жоқ. Өйткені қазір дипломатияның арқасында өзге мемлекеттермен сөйлесіп. Қазіргі таңда өте үлкен жұмыстар жүріп жатыр. 

Ендігі мәселе – айдындардың ахуалы. Кіші Аралды құтқару үшін атқарылған еңбек жемісін беріп жатыр дейді мамандар. Қашқан теңіз қайта оралып, суы толыға тсүті. Алда Каспий теңізі мен Балқаш көлін де сақтап қалу керек. президент осындай міндет жүктеді. Әрі қарай сала мамандарына мемлекеттік наградалар табысталды. Еселі еңбегімен төрге шыққан сала ардагерлері қуанышын жасырмады.

Раушан Жайсамбекова, "Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС бөлім меңгерушісі

Жансая Сағынбекова, "Қазсушар" РМК "Су-метрология" филиалының бөлім бастығы:

- Су саласы негізі ер азаматтардың жұмысы. Бұл салада қыздар көп емес. Өте қиын. Бірақ өз жұмысым маған қатты ұнайды. Отбасым поддержка беріп, өз жұмысымды барлық Қазақстан бойынша іс сапарлатып жүріп, суларды өлшеп жүрмін. Бірінші естігенде толқып, қуанып, ұшып келдік Астанаға. 

Әлемде суға сұраныс деңгейі 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін. Демек, алдағы уақытта мәселе ушыға түседі. Айтпақшы, Президент саладағы цифрландыруды сынға алды. Заманауи технологияларды қарқынды еңгізуді тапсырды.

Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев