Алты айда ел экономикасы 6,2% артты

primeminister.kz

Биылғы жарты жылда елдің ЖІӨ 6,2% өсті. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Алдын ала деректерге сәйкес құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларында өсу қарқыны артқан.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Алты айда ел экономикасы 6,2% артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе, ал соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Әсіресе нақты сектор мен қызмет көрсету саласында айтарлықтай өсім бар. Бұл бағыттар бойынша көрсеткіш 5,2% бен 8% аралығында ұлғайды. Жауаптылардың айтуынша, алғашқы жартыжылдықта сауда, тау-кен өнеркәсібі де серпіліс алған.

Биыл негізгі капиталға салынған қаражат едәуір артқан. Соның ішінде білім беру саласына бағытталған қаржы үш жарым есе көп. Сондай-ақ астық экспорты да бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Биыл шаруалар 11,8 млн тонна көлемінде астық пен ұнды сыртқа сатты. Бұл жылдағыдан 35% көп. 

Аталған экономикалық көрсеткіштер жыл соңына дейін тағы 1,3% өсуі мүмкін. Себебі «Бәйтерек» холдингі арқылы нақты секторды дамытуға 8 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінбек.

Бұған қоса, биыл Қазақстанға 25 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту көзделіп отыр. Қазір ол үшін аймақтарда арнайы бағдарлама қабылданып, «жасыл дәліз» ұйымдастырылды. Сондай-ақ  мемлекеттік қызметтерді көрсету 5 күнге дейін қысқарды. Қазірдің өзінде 134 инвестор құжаттарын қысқа мерзімде рәсімдеп үлгерген. «Осы жоспар іске асса, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салалар жандана түспек», – дейді жауаптылар.