Тоқаев: Қазақстан БҰҰ қызметінің негізіндегі қағидаттарға әрдайым бейіл екенін растаймын
Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер.
Қазақ жеріне арнайы ат басын бұрған БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш осындай баға берді. Қадірменді мейман, жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, маңызды келіссөз жүргізді.
Әлемдік және өңірлік сын-қатерлерге бірлесе төтеп беру. Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтып, тұрақты дамуына ықпал жасау. Тараптар әр кездесуге осы бастамаларды арқау етеді. Бұл жолы да мазмұнды һәм маңызды тақырыптар қаузалды. Әрі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы таяу. Сондықтан Қазақ басшысы алдымен тығыз жұмыс кестесіне қарамастан Қазақстанға ат басын бұрған Бас хатшыға ризашылығын білдірді. Орталық Азиядағы бейтішілік пен келісімнің ұйтқысы болар алғашқы орталықтың ашылуы бүкіл аймақ үшін айтулы жетістік деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін Сізге және Сіздің ұжымыңызға өзімнің, сондай-ақ Қазақстан халқының атынан алғыс айтамын. Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Қазақстан – бейбітшілік пен диалог символы, халықтар арасындағы алтын көпір әрі көптеген жағдайда әділ мәмілегер екенін көрсетіп келеді. Бұған осыдан ондаған жыл бұрын ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешім негіз қалады. Бұл шын мәнінде бүкіл әлем үшін өнегелі іс болды. Өркениеттердің қақтығысы туралы сөз қозғалғанда, Қазақстан өз тәжірибесі арқылы түрлі діндер және мәдениет өкілдері арасында диалог пен ынтымақтастық орнату мүмкін екенін дәлелдеді. Бұл Сіздің бастамаларыңыздан анық байқалады. Сіздер әрдайым әлемді ауызбіршілік пен бауырластыққа үндеп келесіздер.
Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығы құрылды
Бұдан соң тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымының Алматы қаласындағы өңірлік орталығына барды. Дәл осы алаңда бүгін Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму жөніндегі өңірлік орталық құру бойынша келісімге қол қойылды. Себебі Ауғанстандағы ахуалды жақсарту жалпы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл жоба әлем игілігі үшін қызмет етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуге, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, сауда-саттықты жандандыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бастамалар арқылы ауған халқына қолдау көрсетуді жалғастырады. Екі ел арасындағы сауда көлемі ұдайы өсіп келеді. Біз Ауғанстанның бейбіт тіршілігі мен дамуы қатар жүруі керек деп санаймыз. Адамның қадір-қасиеті мен халықаралық құқық бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды қамтамасыз етуге күш жұмылдырмайынша тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес.
Бас хатшы аталған Орталықты ашу арқылы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын атап өтті.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Бұл ортақ басымдықтар мен бірлескен шешімдерге негізделген Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін білдіреді. Аталған Орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие. Мен Президент Тоқаевтың сарабдал саясаты мен көшбасшылығын жоғары бағалаймын. Оның бастамалары әлемдік тәртіпте рөлі артып келе жатқан Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етуде.
Сөз соңында мемлекет басшысы осындай қилы кезеңде жоғары дипломатия танытқан Антониу Гутерришке алғыс айтты. Ұйым Бас хатшысының бастамаларын алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін жеткізді.