Елімізде криптобанк ашу жайы пысықталып жатыр

Тәркіленген криптовалютаны қалай қайтарып, қалай сақтаймыз? Қазір құзырлы органдар мен қаржы институттары соған бас қатырып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Үкімет криптобанк ашылатынын айтқан. Оның жұмысы қалай болады? Бұл да өз алдына басы ашық сұрақ. Ал, Президент ел экономикасының инновацияға негізделуін тапсырды. Сонда цифрлық активтер саласында экожүйе құрылуы шарт. Алғышарттары қандай?  

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Қыбын тауып, 42 млрд доллар дорбаланды. Бұл ел экономикасындағы көлеңкелі айналымның кері көрсеткіші. Ақшалай ұрлаудан да басқа жолы бар. Крипто арқылы айласын асырып, 15 млрд доллар жымқырылған. Мәжіліс депутаттары дабыл қағып, осындайдан дамыл таппай отырғанын цифрлық технологиялардың жұтаңдығымен байланыстырды.

Ғимран Әбдрахманов, тәуелсіз қаржыгер:

- Ол миллиондаған, миллиардтаған ақша болуы мүмкін. Сондықтан өте орынды. Қазақстандықтарға тиетін пайдасы болу керек деп ойлаймын. Өйткені XXI ғасыр болған соң ақша тек қана ресурстар ғана емес, шикізат қана емес, жасанды интеллект криптовалюталар арқылы да табатын жолдары бар.

Есебіміз түгенделсін десек, есеміз кетпеуі тиіс. Тәркіленген критовалютаны кірпіш қалап, кілт салып, сақтай алмайсың. Себебі, көзден таса. Арнайы криптобанк ашу керек. Үкімет бұндай бастаманы көтерді. Қазір пысықтап жатыр.

Арлен Молдабеков, ҚР Ұлттық банкі инновация және цифрлық активтер басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда жауапты мемлекеттік органдармен бұл сұрақ талқылануда. Егер шешім қабылданса, біздің ойымызша, мұндай мемлекеттік крипторезерв орталықтандырылған жолмен құрылуы тиіс. Бұл жерде есеп толық болуы тиіс, мемлекеттік меншік заңмен қорғалып, барлық қауіп-қатерді азайту үшін механизмдер қолданылу керек.

Ал, Астана халықаралық қаржы орталығының криптобанкі болмаса да, криптобиржасы бар. Қазір 12 қатысушымен қамтылған. Екеуі ресми жұмыс істейді. Қалғаны сынақ кезеңінде. Былтыр жыл бойғы айналымы 1 млрд 400 млн теңге болса, биыл 200 млн теңгеге артық. Аталған ұйым өз аумағынан криптобанк ашуға да дайын

Алтай Слямов, АХҚО комитеті Қаржы технологиялары бөлімі директорының міндетін атқарушы:

- Бізде оған арнайы құқықтық негіз бар, арнайы лицензия бар. Оған арнайы бағытталған адамдар мен сәйкесінше, бөлімдер құрылған. Сол себепті ондай банктердің қызметін біздің территорияда да атқарса болады. Криптобанктердің қызметі кәдімгі жеке банктердің қызметі тәріздес болады деп ойлаймыз. Яғни, криптоны қолға ұстайтын теңгеге айналдыруға немесе теңгені криптоға айналдыруға болатын канал болады деп ойлаймыз.

Ғимран Әбдрахманов, тәуелсіз қаржыгер:

- Ұлттық банк жанында болсын немесе халықаралық қаржы орталығы жанында болсын мемлекеттік криптошот ашу керек. Ол криптошотта тәркіленген ақшаның бәрі жиналып, тұрақты долларға тепе-тең криптовалютаға сақтауға болады.

Президент Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда экономиканың инновацияға негізделу керегін жеткізген. Трамп басқаратын АҚШ әкімшілігі соған ден қойғанын, мұны ескеруді тапсырған. Айтса айтқандай, Дональд Трамп стейблкоиндерді долларға қарай реттейтін криптовалюта туралы алғашқы заңға қол қойды.Мұнысын интернеттен кейінгі финтехтегі үлкен революция деп атады.

Алтай Слямов, АХҚО комитеті Қаржы технологиялары бөлімі директорының міндетін атқарушы:

- Қазіргі таңда стейблкойндар өте танымал болып есептеледі. USDT, USDS сияқты стейблкойндар өте танымал. Ал, стейблкоин емес криптовалюталарға келсек, биткоин, эфириум сияқтылар өте танымал. Айырмашылығы, стейблкойндар белгілі бір валютаға немесе тауарға тіркеледі. Мысалы Tether компаниясы шығаратын USDT ол доллардың жалпы сомасымен қатысты болып есептеледі. Қазіргі таңда 1 USDT 1 долларға тең. Ал, биткоинның теңгерімі өзгеріп отырады. Белгілі бір валютаға байланысты емес.

Қазір цифрлық активтер туралы заңға өзгерістер әзірленіп жатыр. Оның бір бағыты – криптовалютаның ел ішіндегі заңды айналымын реттеу. Бұл криптопровайдерлер, яғни, криптоайырбастау арқылы жүргізіледі. Бірақ бұған көлденең көк аттының қолы жетпейді.

Арлен Молдабеков, ҚР Ұлттық банкі инновация және цифрлық активтер басқармасының басшысы:

- Әлемдік криптоплатформалар келіп, бізден лицензия ала алмайды. Бізден лицензия алғысы келсе, Қазақстанда тіркеліп, заңды тұлға ретінде сосын ғана лицензия ала алады.

Былтыр әлемдік криптобанктер нарығы 5,5 млрд долларға жуықтаған. Тағы 10 жылдан соң 63 млрд доллардан асуы мүмкін. Жаһан қас-қағым сәтте жаңғырып жатыр. Сондықтан басқаға кіріптар болмас үшін қазірден криптокіріске ден қою керек.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Қанат Махмұтов, Нұрғали Мамырбаев