Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгеріс енгізуді ұсынды
Осылайша ұстаз құқығы қорғалып, балаларға қатысты жазатайым оқиғаға мұғалімді жазалау тоқтайды.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында мәлімдеді.
Жиында білім беру үдерісіне енгізілетін жаңашылдықтар да айтылды. Биылдан бастап оқушыларға жасанды интелектіні пайдалану үйретілмек. Ал келесі жылы нейрожелі барлық пәнге енгізіледі. Ұстаздар құрылтайында тағы не айтылды?
Білім беру саласы жаңа дәуірге қадам басып келеді. Биыл оқыту үдерісіне жасанды интеллект қосылып, алдағы уақытта барлық пән нейрожелінің айналасында қалыптаспақ. Демек, мектеп табылдырығын аттаған бала заманауи технологияларды әліппемен қатар үйренеді. Саладағы өзгерістердің нүктесі Тамыз конференциясында қойылды.
Мемлекет басшысы сөз басында мұғалімдерге ризашылығын білдіріп, жетістіктерді жіпке тізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдерінің бірі ұстаздарға қатысты болған. Сол уақыттан бері білім беру саласының бюджеті үш есе артып, 1200 мектеп салынды. Ал мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсті. Қазір 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. Нәтиже көп күттірмеді.
Білім саласының бюджеті үш есе артты
1200 мектеп ашылды
Мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті
500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды. Бұдан бөлек халықаралық олимпиадалардан 1 мыңға жуық медаль иеленді.
Оқушылар жасанды интеллектіні пайдалануды үйренеді
Бұл бұрын-соңды болмаған тарихи көрсеткіш. Десе де, арқаны кеңге жаюға болмайды. Салаға әлі де жоғары сапа, білікті мамандар керек. Әсіресе, білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізудің маңызы артты. Президент бұл істі жедел орындауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл болашақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден бір дағды. Бұл педагогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек.
Нейрожелінің негізі мектептерде биылғы оқу жылынан бастап оқытылады. Жауаптылардың айтуынша, оқытатын мамандар жеткілікті.
Майра Мелдебекова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
- Бұл жерде негізі қауіпсіздік. Жасанды интеллект не? Қалай қолдану керек? Оның этикасы мен гигиенасы болады. 2026 жылдан басталатын жаңа стандартта жасанды интеллектті әрбір пәнге кіріктіру бойынша енгізіп қойдық. Бірақ ол сатылы енгізіледі. Біз 2026 жылға дейін күтіп отпас үшін қазір негіздері мен методикалық нұсқаулықтар береміз.
Бірақ заманауи технология жылдам интернетке тәуелді. Ал елде әлі күнге дейін желіге қосылмаған мектептер бар. Әсіресе, ауылдың халі мүшкіл. Президент білім ордаларының барлығын жылдам интернетпен қамтуды тапсырды. Бұл үшін жерсерік жүйелерін пайдалануды ұсынды. Осы ретте қала мен ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестірудің де маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да осы.
«Келешек мектептері» демекші, ұлттық жоба аясында 217 нысан салу жоспарланған, қазір жүзден аса оқу ошағының құрылысы аяқталды. Бұл жоба мектеп санын көбейтіп ғана қоймай, білім сапасына төңкеріс жасады дейді мамандар.
Мөлдір Смаханова, Қызылорда облысы №290 келешек мектебінің директоры:
- Біздің мектепте әртүрлі зертхана, шеберханалар бар. Оқушы сапалы білім алумен қатар, үйірмелерге қатысып, сол үйірмелерге тігінші, аспазшы секілді зерттеулер жасап, соны үйреніп өз мамандығын саналы таңдайды. Мектептегі зертханалардағы берілген жағдай балаларға тікелей мектеп ішінде ғылыми зерттеумен айналысуға мүмкіндік береді.
Бекзат Аманов, тілші:
- Қазір оқушылар теориямен шектелмейді. Олар кітаптан оқып, үйренгенін іс жүзінде өз қолдарымен жасап көре алады. Дәл қазір астаналық оқушылардың зертханалық сынағын көріп отырмыз. Олар фертменттердің белсенділігін анықтап жатыр. Осы арқылы біз химиялық және биологиялық зертханалардың жылдамдығын анықтай аламыз.
Қ. Тоқаев: Балаларға қатысты жазатайым жағдай үшін мұғалімді жазалау орынсыз
Иә, қазір ізденімпаз жасқа ілім көп. Ал тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы. Президент мектепті буллинг, әлімжеттік сынды кереғар келеңсіздіктерден тазарту керек деді. Тағы бір маңызды мәселе: баланың барлық шалалығына мұғалім жауап бермеу керек. Осыған байланысты Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға қатысты жазатайым жағдай үшін мұғалімді жазалау орынсыз деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек.
Ал баланың ойын не бұзады? Жоғары технология жаһанды даму жолына жетелеп келе жатқаны сөзсіз. Алайда әлеуметтік кеселді де күшейтіп жіберді. Кейігі ұрпақ көп уақытын интернет пен әлеуметтік желіде өткізеді. Ал оның ішінде зиянды ақпарат жетерлік.
Алина Соловьёва, мұғалім:
- Қазіргі заманның балалары мүлде басқа. Бұрын телефон болмады. Балалар кітап оқыды немесе үй ауласында шемішке шағып, уақыт өткізді. Ал қазір барлығы интернетте отырады. Жалғыз сұрақ: кім қандай сайтта отыр?
Иә, күрделі мәселе. Президент балаларды қорғау үшін сыни ойлау қабілетін ұштау маңызды деді. Әр педагог эмоциясын ұстауға, кез келген жағдайға байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдауға үйретуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әртүрлі стимуляторлармен әуестену, тіпті ол зиянсыз болса да, түбі жарға жығатынын балалар мен жастарға түсіндіру қажет. Зиянды заттарды тұтыну немесе виртуалды ойындар арқылы шындықтан ажырап, қиялға ерік беру адамды айналасына жексұрын қылып, қоғамнан шеттетеді. Шын мәнінде, мұндай жандар өз болашағына балта шабады. Олар жақсы жұмыс тауып, берекелі отбасын құру мүмкіндігінен айырылады. Өзінің дарынын көрсетіп, биік мақсаттарға жете алмайды.
5 мұғалімге «Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді
Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Ал ұстаздық осы бастаманың басында тұрған ұлы миссия. Президент сөзін осылай тәмамдап, сала серкелерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бес мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі.
Бекзат Аманов, Марат Диханбаев