Президент Қырғызстанға ресми сапармен барады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға ресми сапармен барады, деп хабарлайды 24kz.
Сапар аясында Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысы және Бішкектегі «Достықтың алтын көпірі» монументінің ашылуы жоспарланған. Сондай-ақ Бішкекте екіжақты келіссөздер жүргізіліп, әрі қарай маңызды шаралар Ош қаласында жалғасады.
Ресми сапар аясында мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамыту мен қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту бойынша келіссөз жүргізеді. Қазір екі елдің тауар айналымы 1,7 миллиард доллар. Алдағы уақытта тараптар бұл көрсеткішті 2 миллиардқа дейін көбейтуді көздейді. Бұл ретте экономика саласында бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарда бар.
Алина Молдокеева, саясаттанушы:
- Екі елдің бір-біріне берері көп. Қазақстандағы 2 облыс Қырғызстанның 3 облысымен көршілес жатыр. Бұның өзі сол жердегі жергілікті тұрғындардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, өзара тәжірибе алмасып, бірге дамуына мүмкіндік береді.
Логистика, тау-кен өндірісі, су, энергетика саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу, сауда, тізе берсек, екі елдің бірқатар сала бойынша бірлескен жобалары көп-ақ. Соның ішінде ең ауқымдысы Қазақстан Қырғызстаннан минералды элементтер мен химия өнеркәсібі өнімдерін импорттап отыр. Ал, қырғыз еліне машиналар мен жабдықтарды, ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік тауарларын, сондай-ақ мұнай-химия бұйымдарын экспорттайды. 2005 жылдан бері Қазақстан Қырғыз экономикасына шамамен 1,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Сөйтіп, екі елдің тауар айналымы деңгейі жыл сайын орта есеппен 25%-ке артып келеді.
Бақыт Жұмағұлов, саясаттанушы:
- Қазақ, қырғыз басшылары бірлескен жобаларды көбіне өңірлік аспектілер және мүдделер тұрғысынан қарап, шешім қабылдайды. Бұл – жаңа көзқарас. Орталық Азия елдерінің арсындағы достықты одан әрі нығайып, тығыз байланыс орнатудың негізі іспетті.
Қазақстан Президентінің ресми сапары аясында Бішкектегі «Ынтымақ» саябағында «Достықтың алтын көпірі» монументінің салтанатты ашылуы болады. Сондай-ақ қазақ киносының күндері және үшінші Қырғыз-қазақ жастар форумы өтеді. Бұдан бөлек, Қырғызстанның оңтүстік астанасы Ош қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы мен Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филиалының ресми ашылу рәсімі өтеді. Шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтық қарым-қатынасты нығайту және кеңейту туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат терроризм мен киберқылмыс сияқты заманауи қауіптерге қарсы бірлесіп, іс-қимыл жүргізу жағын қарастырады.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Бакыт Чермашев