Қытайда ШЫҰ саммиті өтті

Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасын қолдайды әрі жобаға атсалысуға әзір.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзиньде өткен бірлестік басқосуында мәлімдеді. Мемлекет басшылары жаһандық қауіпсіздік һәм экономикалық ықпалдастық тақырыптарын қаузап, 20 құжатқа қол қойды. Саясаткерлер не айтты? Қандай келісімдер жасалды?

Бекзат Аманов, тілші:

- Қытай гуманоидтық робот индустриясында әлемдегі жетекші елдердің бірі. ШЫҰ саммитінде қонақтарды саладағы жетістіктерімен таныстырды. Мысалы, мына робот қатысушылардың көңілін көтереді. Ақылды машинаны қызықтап ғана қоймай, оны пайдаға жаратуға да болады. Нейрожеліге қосылған СЯОХЭ саммит туралы кез келген ақпаратты тауып беруге әзір. Керек десеңіз, робот балмұздақ беріп, тәтті ұсынады. Биыл жиынның тақырыбы орнықты дамуға арналады. Ал өркениетті жоғары технологияларсыз елестету қиын. Демек, бұл жерде де үйлесімділік бар.

Жиынды тұтас жаһан кірпік қақпай бақылап отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан астам журналист келген. Баспасөз орталығында ақпарат аламаны қызса, көршілес ғимаратта саяси қарбалас қайнады. Әдетте мұндай отырыстағы ресми рәсімдер алфавиттік реттілікпен жүреді. Кейде бұл ереже қонақтардың беделіне қарай өзгеруі мүмкін. Қытайдағы жиында Президент маңызды мейман ретінде қатысушылардың ортасынан табылды.

Ордалы отырыс та көп ұзамай басталды. Алдымен, алаң иесі Си Цзиньпин сөз алды. Қазір жаһан жайсыз. Қақтығыс пен соқтығыс көп. Осы ретте ұйым өкілдері әлемдік тәртіпті қорғауы тиіс, деді Қытай Төрағасы. Бірақ БҰҰ-ның орталық ролі сақталу керегін де естен шығармады. Бұл саясатты Қазақстан қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.

Қауіпсіздік тек соғыстың алдын алумен шектелмейді. Президент үш зұлымдықты атап, бірлесе күресуге шақырды. Олар терроризм, сепаратизм және діни экстремизм. Айтпақшы, Қазақстан бірлестікті былтыр басқарғаны баршаға аян. Сол жылы дәл осы қауіпсіздік жайы жақсарды дейді қытайлық сарапшылар.

Чэнь Юйжун, Қытайдағы ШЫҰ зерттеулер орталығының бірінші бас хатшысы:

- Өткен жылы Қазақстан төрағалықты абыроймен атқарып шықты. Қауіпсіздік пен цифрлық салада нақты қадамдар жасалып, көлік дәліздері мен қаржы ынтымақтастығы алға басты. Бұл Қытайдағы саммитке жақсы негіз болып отыр. Енді жасыл энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект саласында жаңа жобаларға көшуге болады.

Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру бастамасын қолдады

Құрылған сәттен ұйымға мүше мемлекеттердің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда былтыр 650 миллиард доллардан асты. Ал Қазақстанмен тауар айналымы 70 миллиард долларға жуықтаған. Қаржы қомақты, десе де экономикалық әлеует әлі де мол. Осы ретте мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын.

Сарапшылардың айтуынша, бұл ұсыныстан ұтарымыз көп. Бірінші, алыс-берісті ұлғайту мүмкіндігі туады. Экономист Бауыржан Ысқақов әлемдік нарықты бағындыру үшін импортты экспортпен жабу керек дейді. 

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Соңғы бес жылдың өзінде ШЫҰ арасындағы сауда көлемі 56 пайызға артқан екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш негізінен. ШЫҰ арқылы біз басқа мемлекетке жол ашып отырмыз. Сонымен қатар, кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік береді, халықаралық дәрежеге көтеріледі. 

Қ. Тоқаев: "Трансалтай диалогы" бастамасына үлкен үміт артамыз

Экономиканың өзегі - көлік-транзит. Мысалы, «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы 150-ден астам елдің қолдауына ие болып, бәріне бірдей пайда түсірды. Ортақ табыс 1,5 триллион долларға жетуі мүмкін. Қазақстан да құр қол емес. Елімізден өтетін халықаралық көлік дәліздері Шығыс пен Батыс арасындағы көпірге айналды. Мүмкіндікті молайту керек. Президент «ТрансАлтай диалогы» деп аталатын жаңа бастамаға қолдау білдірді.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдер жасанды интеллекті бойынша әлемде көш бастай алатынын мәлімдеді. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды. Демек, бұл табыстың жаңа көзіне айналуы мүмкін.

Жасанды интеллект бойынша жаһандық ұйым құрылуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Басқа стратегиялық бағыттарға қарағанда аталған саланың дамуы өте жылдам. Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда ШЫҰ әлемде көш бастай алады деп есептеймін. Сондықтан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз.

Сөз арасында президент экологиялық ахуалды көтеріп, Қазақстанда Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Ал жиын соңында 20 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде онжылдыққа арналған даму стратегиясы бар. Оған қоса Лаосқа диалог бойынша серіктесі мәртебесі берілді. Қалғаны экономиканың сан секторын қамтиды. Ұйым алда ұлттық валютамен сауданы кеңейтіп, тұрақты даму жөніндегі жаңа комитет құруды көздеп отыр. Айтпақшы бірлестік төрағалығы бауырлас Қырғыз Республикасына өтті.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Бақытбек Нұртаев