Көлігіңіз қысқа дайын ба?
Қыс та келіп қалды. Кез келген уақытта қылаулап қар жауып, жолға мұз қатуы мүмкін. Дәл осы мезгілде жүргізушілер алаңдай бастайды. Өйткені көліктің май-суынан бөлек доңғалағын да айырбастау қажет.
Қазір нарықта доңғалақтың да түр түрі көп. Қайсысын салу керек, қайсысын салмау керек? Бұл да бір әңгіме. Ал бұған мамандар не дейді? Қандай кеңес береді?
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Қысқы шиналарды сатып алар кезде олардың таңбасына ерекше назар аударған жөн. Өйткені олардың кейбірі тиісті талаптарға сай болмай шығуы мүмкін. Ең алдымен тауарда М+S белгісінің болуына көз жеткізіңіз. Бұл батпақты және қарлы жерге арналғанын білдіреді. Одан кейін таудың суреті бейнеленген тауарға басымдық беріңіз. Мұндай өнімдер еуропалық стандарттарға толық сәйкес келетінін көрсетеді.
Саян Қуанышбеков, шина зауытының маманы:
- Тұрғылықты жеріңізге байланысты. Батпақты жер ме, қарлы жер ме, соған байланысты таңбаларды қарау керек. М+S таңбасы бар ма? Әрине, таудың суреті болу керек. Таудың суреті болмаса, демек дөңгелек сертификаттан өтпеген.
Шинаның қанша келіге және қандай жылдамдыққа шыдас беретінін де арнайы белгіден аңғаруға болады. Мысалы, 91Т таңбасы - ең төзімдісі деген мағына. Бұл доңғалақтардың әрқайсысы 615 келіге дейін жүк көтеруге және сағатына 190 шақырымды еңсеруге қабілетті. Ал 82Т белгісі дәл осындай жылдамдықпен 475 келіге дейін ғана шыдас береді.
Максим Табашников, доңғалақ жөндеуші:
- Тәуліктік орташа температура +7 градустан төмен болған кезде қысқы шина орнату керек. Өйткені жазғы шиналар мұндай ауа райына қолайсыз. Алыс жолға жиі шығатындар шегелі шина алғаны жөн. Ал елді мекендердің ішінде шегесіз шиналар қолдануға болады.
Шинадан бөлек, автокөліктің тағы бірқатар бөлшегін қыс мезгіліне дайындау керек. Соның ішінде салқындатқыш сұйықтық, пештің радиаторы және қозғалтқышты мұқият тексерген абзал.
Олжас Оспанов, кәсіптік-техникалық колледждің өндірістік оқыту шебері:
- Автокөліктер тұрған қозғалтқыштың майының тұтқырлығы тексеріледі. Жаз мезгілінде 10,40-пен жүре беретін болса, қыс мезгілінде төменгі температура болғандықтан 5,40, 5,30, 0,30, осындай мәндегі майлардың тұтқырлығымен тексеріліп, міндетті түрде қыс мезгілінде қолданамыз. Бұл 5,40-тан жоғарыламауы керек.
Сондай-ақ мамандар қыста алыс жолға шығатын жүргізушілер үшін қосалқы доңғалақ, күрек және жылы киімдер алып жүруге кеңес береді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов