Мемлекет басшысы Израиль президентіне жеделхат жолдады

Мемлекет басшысы Израиль президенті Ицхак Герцогқа Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай жеделхат жолдады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Қазақстан халқы Холокост жылдарында қаза болған миллиондаған жазықсыз құрбанды еске алатынын атап өтті. Еліміз этникалық және діни өшпенділік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатаң айыптайды, адамзатқа қарсы мұндай қылмыстың қайталануына жол бермеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың ортақ күш-жігерін қолдайды. «Қазақстан Холокост жылдарында жер аударылған көптеген еврейге мекен болды. Бүгінде еврей қауымдастығы қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады», - делінген жеделхатта.