Қ. Тоқаев Грузияның Ішкі істер министрін қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Ішкі істер министрі Гела Геладзені қабылдады.
Кездесуде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағыттарындағы ынтымақтастық талқыланды. Президент Грузия еліміздің Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі саналатынын атап өтіп, қарым-қатынастың уақыт тезінен өткен тарихи тамырластыққа құрылғанына тоқталды. Ал Гела Геладзе Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік туристердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін сақтау бойынша атқарып жатқан жұмысы жөнінде мәлімет берді.
Екі елдің Ішкі істер министрліктері түрлі қылмысқа қарсы күш біріктіріп, озық тәжірибелер алмасуға және бірлесе маман даярлауға ниетті. Кездесуде Мемлекет басшысы Грузия президенті Михаил Кавелашвили мен премьер-министр Ираклий Кобахидзеге сәлемін жолдады.