Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі 

Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Президент Александр Вучичке және делегация мүшелеріне шынайы ризашылығын білдірді. 

– Сербия-Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды әрі сенімді серіктесі. Берік достық, өзара қолдау және ортақ мүдде елдеріміздің ынтымақтастығына арқау болып отыр. Мен екі жыл бұрын Белградқа жасаған сапарымды ыстық ықыласпен еске аламын. Сол кездегі келісімдердің табысты жүзеге асырылып жатқанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Биыл екі мемлекеттің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Президент Александр Вучичтің сапары осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Сербия арасында барлық деңгейде өзара сенімді арқау еткен саяси диалог орнады. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс істеп, Парламентаралық байланыс нығайып келеді. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық күшейді. Мәдени-гуманитарлық бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз тереңдей түсті, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты дамытуға Сербия Президентінің зор үлес қосқанын жеткізіп, еліміз мұны өте жоғары бағалайтынын айтты.

– Сондықтан бүгін Жоғары Мәртебелі Президент Александр Вучичті Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл Сербия халқына деген ерекше құрметі, шынайы ілтипатының белгісі. Мызғымас достық пен қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы: «Сербия кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз» 

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталды. 

– Сауда, көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланысты дамыту қажеттігіне баса назар аудардық. Қазір екі елдің арасындағы алыс-беріс көбейіп келеді. Елімізде 60-қа жуық серб компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен біздің экономикалық әлеуетіміз бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан сауда-саттық көлемін ұлғайтуға келістік. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия бұл жұмысқа баса мән беруі қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізге Александр Вучичпен бірге ірі кәсіпкерлер келгенін, сапар қарсаңында Қазақстан – Сербия Іскерлік кеңесінің отырысы өткенін еске салды.

– Бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейту қажет екенін атап өттік. Жалпы, біз Сербия кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша назар аудардық. Былтыр Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл – ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқталдық. Инфрақұрылым саласындағы әріптестікті нығайту жолдарын талқыладық. Тиісті министрліктер мен операторларға нақты ынтымақтастық тәсілдерін айқындауды ұсындық. Энергетика саласында аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту үшін өзара іс-қимылды күшейтуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді 

– Келіссөз барысында жасанды интеллектіні және заманауи цифрлық технологияны жаппай енгізу стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өттік. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндік бар.

– Біз агроөнеркәсіп кешеніндегі әріптестікті жандандыруға мүдделі екенімізді білдірдік. Соның ішінде өсімдік, тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтамыз деп келістік. Сербиялық «Mambikom Agrar» компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниет танытып отыр. Бұл қадам аграрлық сектордағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ біз мәдени-гуманитарлық, білім беру және туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық, – деді Президент.

Александр Вучич Қазақстанның экономикасы дамып, көпвекторлы сыртқы саясат табысты ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы жаңа жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді. 

– Қазақстанның келешегі жарқын. Сербияның сіздерден үйренері көп. Сізді және Қазақстан халқын үлгі тұтатынымды айтудан еш ұялмаймын. Елдеріміз арасындағы шынайы достық келешектегі қарым-қатынасымызға негіз болады. Біз бұл байланыстарды экономика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жасанды интеллект, роботты техника және білім беру секілді салаларда дамыта аламыз, – деді Александр Вучич.

Сербия Президенті қазақ және серб командалары қатысқан UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысын асқан қызығушылықпен тамашалағанын айтты. Осы орайда ол Мемлекет басшысынан арнайы бөлімшелер қызметкерлерін даярлау ісіне қолғабыс етуді сұрады. 

– Бұл бағытта Қазақстанның әлемде үздік екені сөзсіз. Мен мұны Сербия азаматтары білгенін қалаймын. Біздің құрама кейбір жарыс түрлері бойынша жақсы өнер көрсетті. Ал қазақ жігіттері мен қыздары бірде-бір сайыста сүрінген жоқ. Мен бұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Арнайы жасақ қызметкерлеріңіз ең жоғары деңгейден көрінді. Олар біздің сарбаздарды жаттықтырса дұрыс болар еді. Сіздерді қауіпсіздік саласындағы керемет жетістіктеріңізбен тағы да құттықтаймын, – деді Александр Вучич.