Қ. Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Президент сегіз мемлекет елшісінен сенім грамотасын қабылдады. Қатарында Норвегия Корольдігі, Аргентина, Гана, Мали, Гамбия мен Бангладеш бар.

Сондай-ақ Шри-Ланка мен Босния және Герцеговина дипломаттарының Қазақстандағы қызметі ресми түрде басталды. Енді олар инвестиция және саяси диалог бағытында ықпалдастықты нығайту керек. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің сыртқы сын-қатерлерге қарамастан аймақтағы тұрақты әрі экономикасы қарқынды екенін айтты. 15 наурызда жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін де жеткізді. Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, әлемдегі барлық кикілжіңдер мен қақтығыстар дипломатиялық құралдар арқылы тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Шығанақ елдеріне әрдайым тілектес екенін және шиеленістің тезірек шешілуіне үміт артатынын жеткізді. Кездесу соңында шет мемлекеттер елшілерінің жауапты қызметіне табыс тіледі.