Депутаттың өз міндетін орындамағаны үшін жауапкершілікті арттыру керек

Мәслихат төрағаларын ротациялық тәртіппен ауыстырып, өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған депутаттардың жауапкершілігін күшейту керек.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумына қатысып, осындай маңызды бастама көтерді. Жоғары деңгейдегі мұндай басқосу осымен үшінші мәрте өтіп отыр. Оған халық пен билік арасында көпір болып жүрген 2 мыңнан астам депутат қатысты.

Риат Шони, тілші:

- Мәслихаттар жергілікті халықтың үні естілетін, өңірдің тынысы сезілетін маңызды алаң. Олар күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін шешімдердің қабылдануына жол ашып, қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Әрбір депутат - өз өңірінің мұң-мұқтажын жеткізетін өкіл ғана емес, ел дамуына жауапты тұлға. Ал мұндай форум жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді ортаға салуға, ел дамуына бағытталған жаңа бастамаларды талқылауға мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік сарайындағы бұл залға бүгін миллиондаған отандасымыздың мүддесін қорғап, халықтың үні болып жүрген 2 мыңға жуық депутат жиналды. Олар елдің әр өңірінен келіп, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді ортаға салып, халықтың ұсыныс-пікірін жеткізуде билік арасында көпір болып жүр.

Ербақыт Амантай, СҚО мәслихатының депутаты:

- Солтүстік Қазақстан облысында көптеген мәселе бар. Сол шекарадағы ауылдардың селдіреп қалғандығы, ауыл тұрғындарының қалаға қарай үдере көшуі бір мәселе. Мектептің мәселесі бар. Шағын жинақталған мектептер көп. Мектеп деген ауылдың жүрегі деп ойлаймын. Мектебі жабылған ауыл міндетті түрде құриды. Сондықтан бірінші мектептерді сақтап қалу керек.

Айта кету керек, бұл мәслихат депутаттарының осымен үшінші форумы. Алғашқы жиындардан кейін өкілді билік институты жұмысында ашықтық байқала бастады. Мәртебесі биік, жауапкершілігі зор қызметте жүрген халық қалаулылары да белсенділікті арттырып, мәслихат депутаттарының рөлі күшейе түсті.

Қалима Жантөреқызы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:

- Биылдың өзінде менің 43 депутаттық сауалымның 41-іне қаржыға қолдау тапқан. Оның өзі бүкіл аудандардағы, облыстағы әлеуметтік мәселелер. Мысалы, Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына 400 млн ақша жақында бөлді. Кентауда құлағалы тұрған балабақшаға 670 млн теңге ақша бөлдірттік. Бұның өзі үлкен дәрежедегі жұмыс деп айтқым келеді.

Батыл бастамалар тек жергілікті жерлерде ғана емес, Президент алдында жоғары мінберлерден де айтылды. Мәселен, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев экология мәселесін көтеріп, қалалардағы көлік жүйесін түбегейлі жаңғыртуды алға тартты. Осы ретте мәслихат депутаттары болып Алматы агломерациясы үшін біртұтас көлік жүйесін қалыптастыру жайын стратегиялық деңгейде қарастыруды ұсынды.

Мейіржан Отыншиев, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы:

-  Атап айтсақ, қала мен оның маңындағы қозғалыс логистикасын өзгерту арқылы (метро, BRT және LRT желілерін дамыту, сондай-ақ баламалы жылдам қоғамдық көлікті енгізу аса маңызды. Бұл қадамдар қалаға күнделікті сырттан келетін) жарты миллионға жуық көлік жүктемесін азайтуға, зиянды шығындарды төмендетуге, ал ең бастысы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бүгінде мәслихат депутаттарына артылған жүк те, жауапкершілік те айрықша. Бұған дейін «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес мәслихаттардың беделі көтерілді. Бірақ бұл институттың жұмысында түйіткіл жоқ емес, бар. Ол жергілікті жерлердегі бюджетті жоспарлап бекіту жайы. Қазір бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте ғана жолданады. Яғни, депутаттар құжатты үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді. Президент мұндай келеңсіздікке тосқауыл қойып, өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Мәслихаттарға жүктелетін міндет – осы қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау.

Жер жаһандағы дүрбелеңге қарамастан былтыр ел экономикасы өсу қарқынын жоғалтпады. Жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болды. Бұл ТМД төңірегінде екінші, ал Орталық Азия аймағындағы ең үлкен көрсеткіш. Соның нәтижесінде биыл Қазақстан әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылды. Шетелдік инвестиция тарту бойынша да еліміз аймақта көш бастап тұр. Былтыр қалталы азаматтар ел экономикасына 150 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Міне, осындай қыруар қаржы келіп жатқанда әкімдіктер бюджеттік комиссия құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосуы міндет. Осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет. Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек.

Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет. Бұл – айрықша маңызы бар міндет. Форум барысында осылай деген Президент мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қарауға шақырды. Себебі олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек Президент мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізуды ұсынды. Ал олардың өкілеттігі екі мерзімнен аспауы қажет. Осылайша кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады – дейді, Президент. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат орната білуі тиіс екенін қадап айтты. Себебі қазір орталыққа аймақтардан жолданатын арыз-шағымдар көбейіп кеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі. Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс. Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті толық жетеді.

Қазіргі жаһандану дәуірінде цифрлық технологиялардың дамуы да мәслихат депутаттарының жұмысына жаңа талаптар қойып отыр. Ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, тұрғындармен тиімді байланыс орнату үшін заманауи платформаларды пайдалану маңызды. Осы күнге дейін 1200-ге жуық депутат арнайы оқу курсына шақырылып, кәсіби тұрғыдан шыңдалған.

Енді биыл басталған AI Governance 500 (Эй-Ай Гавернанс) бағдарламасының аясында облыстық мәслихаттардың аппарат басшыларын оқыту міндеті тұр. Осы ретте Президент елде жасалып жатқан цифрлық өзгерістер орталық пен аймақтар арасындағы алшақтықты мейлінше азайтуы қажет екенін айтып, бұл шаруамен Мемлекеттік басқару академиясына белсенді әрі тиімді түрде айналысуды тапсырды.

Риат Шони, Марат Диханбаев