Қ. Тоқаев бірқатар мемлекет елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Ақордада төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Кувейт Мемлекетінің елшісі Адель Ахмед Сулайман Әл Гунайман, Моңғолия елшісі Гунаажавын Батжаргал, Монако Княздігінің елшісі Мирей Мартини, Эль-Сальвадор Республикасының елшісі Юрий Павел Сантакрус Пердемо тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Президент елімізде ауқымды реформалар іске асырылып жатқанына тоқталып, Қазақстан барлық елмен конструктивті әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бағытталған бейбіт және теңгерімді сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті. Іс-шара соңында елшілерге табыс тілеп, олардың мемлекеттер басшыларына ізгі сәлемін жолдады.