Мемлекет басшысы отандастарымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды Ұлттық кітап күнімен құттықтады.
Президент әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатқанын атап өтіп, соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайтынына тоқталды.
«Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді. Жаппай цифрландыру және Жасанды Интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетейік, Мемлекет басшысы алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы арнаулы Жарлыққа қол қояды.