Суретшілер одағының 90 жылдығына орай мерекелік альбом жарыққа шықты

Алматыда Суретшілер одағының 90 жылдығына орай мерейтойлық альбом жарыққа шықты.

Сондай-ақ «Zamandastar» атты төртінші дәстүрлі республикалық жас суретшілер көрмесі ашылды. Басылым бейнелеу өнерінің жаңа кезеңін қамтыса, көрме жас суретшілердің көркемдік бағытын айқындайды. Шара Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Almaty Gallery-де өтті.

Қазір елімізде он төрт шығармашылық одақ жұмыс істейді. Соның бірі ғасырға жуық тарихы бар Суретшілер одағы. Мерейтойлық альбомға одақ мүшелерінің 200-ден астам еңбегі енді. Басылымда бейнелеу өнерінің барлық түрлері мен жанрлары қамтылған. Жинақ ұлттық бейнелеу өнерінің жаңа кезеңін айқындайды. Альбом қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарыққа шықты. 

Данияр Әлиев , қалалық мәдениет басқармасының басшысы:

- Елімізде 1200-ден аса суретші бар. Соның 540-ы, яғни Одақтың мүшесі осы Алматы қаласының тұрғыны. Алматы қаласының әкімдігі бейнелеу өнерінің бағытын әрқашанда қолдап келген. Және қолдай береді де. Сол қолдаудың бүгін бір көрінісі деп айтсақ болады. Алматы қаласында жалпы 20-дан аса галерея бар.

«Zamandastar» жас суретшілер көрмесінің басты ерекшелігі – еркіндік. Мұнда стиль мен тақырыпқа шектеу жоқ. Керісінше сан алуан бояулар мен сан қырлы ізденістер байқалады. Классикалық реализмнен бастап, нәзік портреттік шешімдер, кең тынысты пейзаждар ұсынылған.

Елдос Азаматұлы, ҚР Суретшілер одағының басқарма мүшесі:

- Өте қызықты көрме ұйымдастырылды. Келіп көрсеңіздер болады. Осындай көрмеге Алматы қаласының әкімдігіне алғыс білдіремін. Осындай бізге мүмкіндік беріп жатады. Одан кейін музейлер бірлестігі, әрқашанда біздің туындыларымызды экспозицияға қоюға мүмкіндік беріп жатады. Өзім де екі жұмысымды қойдым. 

Авторлық қолтаңбалар әртүрлі болғанымен оларды біріктіретін ортақ дүние бар. Олар бір дәуірдің үні. Жас суретшілердің көрмесі 6 мамырға дейін жұмыс істейді.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев