Мемлекет басшысы мен Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді

Астанаға ресми сапармен Чех Республикасының Премьер-министрі келді. Бүгін Ақордада Андрей Бабишті қарсы алу рәсімі өтті. 

Саясаткерлер бір біріне делегация мүшелерін таныстырып, келіссөз залына беттеді. Кездесу шағын құрамнан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында бұрыннан тығыз әрі достық қарым-қатынас орнағанын жеткізіп, сауда-саттық табысты дамып жатқанын айтты. Ал Андрей Бабишке чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен делегация алып келгені үшін алғыс айтты. Сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бар күшін салатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қос халықтың бір біріне құрметі зор. Ірі халықаралық құрылымдар шеңберінде бірлесе әрекет етіп келеміз. Бұл – өте маңызды. Елшіліктеріміз белсенді жұмыс істеп тұр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Өзіңізбен бірге чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен делегация алып келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Кеше Астанада бизнес-форум өтті. Оның нәтижесі елдерімізге пайдалы болады деп ойлаймын.

Ал Чех Премьер-министрі еліміздің түрлі салада жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді. Қазақстан – Орталық Азиядағы аса маңызды мемлекет екеніне тоқталып, Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы жетістіктері таңқаларлық деп, Үкіметтер өзара ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін аянбай еңбек ететіне сенім білдірі.

Андрей Бабиш, Чех Республикасының Премьер-министрі:

- Осынау ғажап елге сапармен келу – мен үшін зор мәртебе. Жақында жаңа Конституция қабылдадыңыздар. Құтты болсын! Сіздердің бұл бағыттағы тәжірибелеріңіз бізге де пайдалы болады деп есептеймін. Қазақстан – энергетика саласында аса үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Бүгінде атом электр станцияларының маңызы арта түсті. Сол себепті осы салада келісімге келгенімізге қуаныштымын.