Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде қол ұшын созған кәсіпкерлер марапатталды

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс кезінде отандастарымызды елге қайтаруға тікелей атсалысқан азаматтар марапатталды. 

Олар қиын кезеңде шетелдегі қазақ дипломатиялық миссия өкілдіктерімен бірлесе үйлесімді әрекет етті. Әсіресе Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс күні-түні тоқтаған жоқ. Ел үкіметінің арнаулы рейстерімен 6 мың адам эвакуацияланып, түйткілді мәселелер дер кезінде шешімін тапты. Басым бөлігі араб жеріне туристік мақсатта барып, уақытылы қайта алмай қалғандар. Алдын ала қабылданған шаралардың арқасында барлығымен тұрақты байланыс орнатылып, заңды құқықтары қорғалды. Қонақүйлерге тегін орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Әмірліктегі Қазақстан елшісі сол кезеңдегі отандастар жайына бей-жай қарамай, жанашырлық танытқан жандармен арнайы кездесіп, Сыртқы істер министрі атынан алғыс хаттар табыстады.

Қаракөз Дүйсенбек, кәсіпкер:

- Бізде енді тағам өндірісі болғандықтан, біз ыстық тағам әзірледік. Елшілігіміз оларды әртүрлі қонақүйлерге орналастырған. Біз тамақты жеткізіп, қолдарына ұсындық. Солай басталды. Кейін елшілікпен хабарласып отырдық. Басында 300 болды. Сосын азайды. Барлығы ұшып кетті деген кезде жұмысымыз аяқталды.

Орынкүл Мәмиева, кәсіпкер:

- Менің жолдасым осындай қиын жағдайда отандастарымызға қол ұшын беруге қуана-қуана келісіп, қолынан келгенше көмектесті. Өте қуаныштымыз көмектесе алғанымызға.