11,7 млн тонна астық пен ұн экспортталды
Қазақ астығы бұрын іргедегі Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан әрі кетсе Ауғанстанға жететін.
Қазір Қытай, Еуропа, Африка құрлығына еркін экспортталады. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа алғашқы партиялар барған. Әуе тасымалын дамытуға күш салудың да бір қажеттігі осы.
Қазақстан қазірдің өзінде әлемдегі жетекші астық өндірушіге айналып келеді. Бұған ең бастысы рекордты көлемде өнім жинауымыз себеп. Енді алдағы меже қандай? Биыл қанша егін ектік?
Қазақ диқандарының астығы мен ұнына шетелден жылдан жылға сұраныс артып келеді. Былтырғы қыркүйек пен биылғы мамыр аралығының өзінде 11,7 млн тонна өнім экспортталған.
Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға көп. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметі осындай. Орталық Азия елдері және Ауғанстанмен арада сауда-саттық қызып тұр.
Әрқайсысына жеке тоқталайын. Өзбекстанға 4,8 млн тонна өнім сатылған. Жылдағыдан шамамен 40 пайызға артып отыр. Қырғызстанға жөнелтілген өнім бір жарым есеге көбейіп, 457 мың тонна болды. Ал Түрікменстанға 192 мың тонна тауар экспортталды. Бұл 47 пайызға көп. Сондай-ақ Ауғанстанға экспортталған астықтың көлемі 2 еседен астам ұлғайып, 3 млн тоннаға жетті.
АСТЫҚ ПЕН ҰН ЭКСПОРТЫ
Өзбекстан - 4,8 млн тонна
Қырғызстан - 457 мың тонна
Түрікменстан - 192 мың тонна
Ауғанстан - 3 млн тонна
ТЕРЕҢ ӨҢДЕЛГЕН АСТЫҚҚА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Бұдан бөлек Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу шығыс, Еуропа, тіпті Африка елдеріне дейін тауар жөнелтіледі. Соның ішінде шикізаттан гөрі терең өңделген өнімге басымдық беріліп жатыр. Алдағы үш жыл ішінде бұл бағытта 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, шетелдік ірі компаниялармен тиісті келісім жасалып, кейбір нысандардың құрылысы басталып кетті. Осы жобаларға 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады. Нәтижесінде 3300-ден астам жаңа жұмыс орыны ашылуы мүмкін. Агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру кезінде бидай алқабы 125 мың гектарға тарылады. Алайда бұл шешім ішкі нарықты астықпен қамтамасыз етуге кері әсер етпейді, деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Азат Сұлтанов, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Қазақстанда өндірілетін 20 млн тоннадан астам бидайдың тек 9 млн тоннасы - астық. Оның ішінде где то 7 млн тонна бидай - ішкі нарыққа апаратын бидай. Толық қамтамасыз етеміз. Ол нанға да, макаронға да, ұнға да арналған. Екіншіден, тұқымға да 2 млн тонна жіберетін боламыз. Қалғанын біз экспорттаймыз.
Өңірлерде егіс науқаны жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 16 млн гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл тиісті жұмыстың 77 пайызы. Соның ішінде 11 млн гектардан астамы дәнді дақылдар. Еңбек науқаны, әсіресе астықты аймақтарды қыза түсті.
Атап айтқанда, Ақмолада 4 млн гектардан астам, Қостанайда – 3,7 млн га, ал Солтүстік Қазақстан облысында 2,7 млн га алқапқа дақыл түрлері егілді.
Егістік басына 130 мыңнан астам трактор, 71 мың дәнсепкіш және 188 мың топырақ өңдеу құралы жұмылдырылған. Диқандарға 70 сервистік орталық маусым бойы техникалық қызмет көрсетеді.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ
Георгий Прокоп, диқан:
- Біздегі егіс алқабының 70 пайызына бидай егіледі. Бұған қоса сояның бес сұрпын, бұршақтың екі түрін егіп жатырмыз. Сонымен қатар биыл алғаш рет суармалы жерге үш түрлі жүгері ектік. Алдағы уақытта климатымызға бейімін таңдап аламыз.
Астықты аймақтардағы егістік науқаны
Ақмола облысы – 4,1 млн га
Қостанай облысы – 3,7 млн га
СҚО – 2,7 млн га
Ауғанстанға астық тасудың тиімді дәлізі
Қазақстанның астық өңдеушілер одағы ұн мен астықты Түрікменстан арқылы тасымалдауды күшейтіп, Болашақ станциясында логистикалық кешен салуды ұсынып отыр. Қазір тауардың негізгі бөлігі Ауғанстан жеріне Өзбекстан арқылы жеткізіледі. Алайда бұл бағыттағы транзит құны әр тонна үшін 55 доллар шамасында. Ал Түрікменстан арқылы тасымалдау құны 47 доллар. Сала мамандарының есебінше, егер жылдық тасымал көлемі 1-2 млн тонна болса, 8-ден 16 млн долларға дейін үнемдеуге болады.