Президент ЕО басшыларымен келіссөздер жүргізді
Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕО көшбасшылары Антониу Коштамен және Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.
– Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды ортақ мүддеміз бар барлық салада тереңдету мақсатында келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісім мен меморандумдар ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейіл екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ЕО арасында аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын айтты. Сондай-ақ еліміздің аймақта бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойып, ратификациялағанын еске салды.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды.
– Бүгінде ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Еуропалық компаниялар экономикамыздың түрлі саласына зор үлес қосып келеді. Олардың табысы еуропалық бизнестің Қазақстанға деген сенімін байқатады. Біз Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Сондай-ақ еуропалық инвесторлар үшін тұрақты әрі тартымды инвестициялық климат жасауға ұмтыламыз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударды, сондай-ақ еліміздегі бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобасына еуропалық серіктестердің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
Президент Қазақстанда айтарлықтай мол қоры бар аса маңызды шикізат материалдары саласы ынтымақтастықты дамытуға кеңінен мүмкіндік береді деп санайды. Еліміз өңдеу өнеркәсібіне, технология трансферіне және бірлескен өндірістік жобаларға еуропалық инвестиция тартуға ниетті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен энергетика, соның ішінде атом, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат күн тәртібі секілді бағыттарда ықпалдастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестіктің тағы бір маңызды саласы ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас сияқты гуманитарлық өлшемдерді атады.
– Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да білім беру мен зерттеу бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын жоғары бағалайды. Біз алдағы уақытта да еліміздің университеттері мен еуропалық жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке қолдау көрсетеміз. Қазақстан Horizon Europe бағдарламасы аясындағы қауымдастырылған ел мәртебесін иеленуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің аяқталғанына ерекше ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қазақстандағы саяси жаңғыру бағдарламасына дәйекті түрде қолдау көрсеткені және еуропалық тараптың басқару, инновация мен орнықты экономикалық даму салаларындағы озық тәжірибелерімен бөлісуге әзірлігі үшін ЕО жетекшілеріне алғыс айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық серіктестікті нығайтудың нақты тетігіне айналған «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» диалог платформасы маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта Мемлекет басшысына ілтипат танытып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапар қарсаңында Euronews ресурсында жарияланған мақаласымен мұқият танысқанын жеткізді. Оның айтуынша, материалда Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың үш негізгі басымдығы айқындалған. Атап айтқанда, орнықтылықты нығайтуға, өзара байланысты кеңейтуге және азаматтар үшін тың мүмкіндіктерге жол ашуға ден қойылған. Бұл қарым-қатынастың ортақ күн тәртібіндегі Брюссельдің ұстанымдарымен үндеседі. Еуропалық Кеңес Президенті Қазақстанның географиялық орналасуы, бірегей тарихы мен мәдениеті Еуропа мен Азияның арасына көпір бола алатынына назар аударды.
– Қазақстан өзара көлік байланысын қамтамасыз етуде басты дәліз саналады. Транскаспий халықаралық көлік бағдары – осы бағыттағы ынтымақтастықтың табысты мысалдарының бірі. Әрине, қазіргі уақытта цифрлық технологиялар шешуші мәнге ие болып отыр. Сондықтан білім беру, ғылыми зерттеулер мен инновацияларға инвестиция құю өте маңызды. Бүгінгі көпполярлы әлемде екіжақты қарым-қатынасты да, өңірлік деңгейдегі байланысты да дамытуымыз қажет. Біз Орталық Азия елдерімен ықпалдастықты жалғастыруға шын мәнінде бейілміз, – деді Антониу Кошта.
Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан бергі он жыл ішінде өзара сауда көлемі екі еседен асқан.
– Мұның өзі көп жайтты аңғартады. Сонымен қатар түрлі саладағы әлеуетіміз әлі де мол. Біз сауда қатынастарын, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға мүдделіміз. Бұдан бөлек, өзара тауар айналымы мен инвестицияға тың серпін беру мақсатында сауда-саттықтағы кедергілерді еңсеру мәселелерін бірлесіп талқылауымыз қажет. Тағы бір мәселе. Визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау жөніндегі келісімдер бойынша белсенді жұмыс қолға алынған. Бұған қатысты келіссөздер аяқталып келеді, – деді Урсула фон дер Ляйен.
Келіссөз қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаның және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен мынадай құжаттарға қол қою рәсімі өтті:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» келісім;
- «Air Astana» АҚ мен Airbus компаниясы арасында 50 әуе кемесіне дейін тапсырыс беруге қол қою рәсімі;
- Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын жасақтауға грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен Еуропалық инвестициялық банк арасында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бөлігі саналатын Қазақстан өңірлеріндегі жолдарды қалпына келтіруге арналған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жобаларын қаржыландыру бойынша меморандум;
- Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында Минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум.