Әлемдік нарықта мұнай бағасы тағы қымбаттап кетті

Бірер күн бұрын Brent маркалы қара алтынның бір баррелі шамамен 71,86 АҚШ долларына арзандаған еді. Ал қазір бірден 2 пайызға қымбаттап, баррелі 75 жарым долларға саудаланып жатыр.

Бұған Ормуз бұғазы мен Ресейдегі жағдай әсер етті. Қазір көрші елде бензин тапшы. Ондағы жағдай әрине Орталық Азия елдеріндегі нарыққа да ықпал етеді. 

Ресейде жанармай қымбат әрі қат 

Ресейде жанармай қымбат әрі тапшы. Халық бензин құю үшін ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрады. Өйткені кей бекеттер уақытша жабық. Тапшылықтың орнын толтыру үшін Ресей Үндістан, Беларусь елдерінен жанармай импортын едәуір ұлғайтты. Өткен айда Беларусьтен 141 мың тонна жанармай жеткізілген. Бұл көрсеткіш мамыр айындағы импорт көлемінен 2,4 есе көп және былтырмен салыстырғанда 141 есе жоғары. Алайда сарапшылар мұнын өзі құажеттілікті толық өтей алмайды дейді. Себебі ішкі сұраныс көлемі күніне 110 мың тоннадан асады. «Тіпті бензин тапшылығы алдағы жарты жылда шешілмейді», - дейді мамандар. Өйткені елдегі он мұнай өңдеу зауытының сегізі істен шыққан.

Импорт көлемінің ұлғаюы Ресейдің ішкі жанармай нарығындағы жағдайды жақсартқанымен, тапшылықтың орнын толтыра алмайды. Беларусь жылына 1,8-2 миллион тонна бензин экспорттай алады. Бұл айына шамамен 150-170 мың тоннаға тең.

Кирилл Родионов, энергетика саласының сарапшысы:

- Билік мәселені шешу үшін ел ішінде шектеу шараларын енгізді. Мәселен, жанармай құю бекеттерінде бір автокөлік 20-30 литрден артық жанармай алмайды. Сонымен қатар жанармайды арнайы канистрлерге құюға болмайды. Осыған дейін Ресей үкіметі бензин мен авиациялық отын экспортын тоқтатқан болатын. Енді дизель экспорты да тоқтауы мүмкін. Әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы ел қазір өзге елден келетін өнімге қарап отыр. Reuters мәліметіне сүйенсек, Ресей ай сайын түрлі елдерден шамамен 400 мың тонна бензин импорттауды жоспарлап отыр. Әйтпесе, кей ресейлік жүргізушілер көліктеріне жанармай құю үшін Қазақстан мен Қытай шекарасынан өтіп, көрші елдерге бара бастаған. Бұл үдеріс «жанармай туризмі» деген атау да алып үлгерді. 

Ресейде жанармай қымбат әрі қат

Ресейдегі жанармай тапшылығы Орталық Азия елдеріне де әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе көршілес Қырғызстан мен Тәжікстанда қазір бензин тапшылығы өткір сезіледі. Қырғызстанның Энергетика министрлігі көршілес мемлекеттерге жанармай жеткізуге көмек көрсету жөнінде өтініш жасады. Себебі республикадағы бензиннің шамамен 90%-ы Ресейден импортталады. Тәжікстан болса жанармайдың 84%-ын Ресейден алып отыр. Ал Reuters деректеріне сүйенсек, Ресей Жапониядан авиациялық отын импорттауға дайындалып жатыр. Шілденің алғашқы жартысында Жапонияның Тиба қаласынан Оңтүстік Корея арқылы кемінде 200 мың баррель авиациялық отын жөнелтіледі деп жоспарланып отыр. Жаһандық жеткізу тізбектерін қадағалайтын Kpler компаниясының деректеріне сәйкес Ресей бұл бағыт арқылы 4 жыл бұрын авиациялық отын импорттаған. Ол кезде Оңтүстік Кореяның Ёсу портынан Владивостокқа жалпы көлемі 22 мың баррель болатын сұйық отын жөнелтілген. 

Қытайда мұнай экспорты қайта жанданды 

Осы тұста Қытайда мұнай экспорты қайта жанданды. Ел билігі шілде айының соңына дейін шектеу қойған еді. Енді жекеменшік ірі мұнай өңдеу компаниясына шетелге өнім жеткізуді қайта бастауға рұқсат берді. Сарапшылар бұл шешім Азия елдеріндегі бензин, дизель отыны және авиациялық керосин бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін деп отыр. Былтыр Қытай өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнайды өте көп мөлшерде сатып алып, қорын барынша толтырған еді. Соғысқа дейін парсы Шығанағындағы елдерден күніне 5 жарым миллион баррель мұнай алып отырды. Енді осы айда 3 миллион тоннаға жуық мұнай өнімін экспорттауға ниетті. Дегенмен бұл рұқсаттың қашанға дейін күшінде болатыны белгісіз. Өйткені, ел билігі ішкі нарықтағы жанармай қорын әлі де қатаң бақылауда ұстап отыр. 

Қазір нарықта қара алтын бағасының қымбаттауы байқалады. Бірақ нарықтың алдағы ахуалы ОПЕК+ шешімдеріне, Қытайдың мұнайға деген сұранысына және Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты болмақ.