Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компаниялары басшыларымен кездесті

ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде Президент қытайлық серіктестерге шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікке жоғары баға берді.  

– Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды»

Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.

– Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түстік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында бас қосудың символдық мәні зор екенін айтты

Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформацияның басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде қарастырады, сондай-ақ халықаралық инвесторларды тарту үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақтауда. 

– Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда, осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық логистиканы және перспективті көлік дәліздерін дамытқан жөн деп санайды 

– Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық мақсатымыз. Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Соңғы он бес жылда мемлекет көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Біз жаңа теміржол желілерін тартып, Транскаспий көлік бағыты, яғни, Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттырып жатырмыз. XXI ғасырда көлік дәлізінің бәсекеге қабілетін инфрақұрылымның сапасымен өлшеу жеткіліксіз. Қазір мұндай жобалардың табысты болуы, ең алдымен, деректер алмасу жылдамдығына, цифрлық ықпалдастық деңгейіне және логистиканың ашықтығына байланысты. Сондықтан біз халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатырмыз. Осы саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы. Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе. Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек. Қазақстан мен Қытай халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа жаһандық стандарттарды бірлесіп орнықтыра алады деп санаймын. Қытайдың технология саласында жұмыс істейтін компанияларын, логистика операторларын және инфрақұрылым саласындағы инвесторларын осы ауқымды бастамаға белсене атсалысуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент аса маңызды минералдарды игеру саласын перспективті бағыт ретінде атады. Ол Қазақстан стратегиялық ресурстардың қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енетінін және халықаралық серіктестермен бірлесе қосылған құны жоғары өндірісті дамытуды көздейтінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы: «Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз»

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев AgriTech, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.

– Қазір бүкіл әлем аграрлық салада үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сенім артып отыру жеткіліксіз. Осы салада, ең алдымен, деректерді, жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды. Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі. Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеміз. Әсіресе, дрондарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын кеңінен енгізіп жатырмыз. Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Сонымен қатар біз ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, сондай-ақ қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту. Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады. Бұдан бөлек, біз өнімді сақтаудың озық инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Соның ішінде заманауи логистика орталықтары, автоматтандырылған және тоңазытқышпен жабдықталған қоймалар бар. Жалпы, осы салада түбегейлі әрі ауқымды өзгерістер жасалуда. Бұл іске қытай компанияларын да белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін»

Президент Digital by Default қағидаты бойынша салынатын Алатау қаласының даму перспективасы жөнінде әңгімеледі.  

– Алатау қаласы Smart City шешімдерінің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, сондай-ақ энергияны үнемдейтін нысандар мен озық телекоммуникация инфрақұрылымының негізгі алаңына айналуы керек. Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орталықтарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс. Осы мақсатта біз цифрлық активтерді, «токендеу», блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыстың басты тірегі бәсекеге қабілетті құқық және салық режимі болатыны сөзсіз. «Алатау» жобасына қатысушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығы экожүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Орталық ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді және онда әлемнің 90-нан астам елінен жиналған 6 мыңға жуық компания қызмет етеді. Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай Еуразиядағы жаңа технологиялық дәуірдің келбетін бірге қалыптастыра алатынына сенім білдірді 

– Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін әрдайым қолайлы бизнес орта жасауға дайын. Біз инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік береміз. Заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлар ұсынып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Мақсатымыз – тек капитал тарту емес. Біз жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеуге, ғылыми зерттеу орталықтарын құруға, жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға және болашақтың бағдары – білім экономикасын алға бастайтын адам капиталын дамытуға ұмтыламыз. Бүгінгі басқосуымыз жаңа бірлескен жобаларға, ауқымды инвестицияларға жол ашады деп сенемін! – деді Қазақстан Президенті.