«Ұмай» бағдарламасы қайта ашылады
Қыз-келіншектерге арналған «Ұмай» тұрғын үй бағдарламасы биыл да жалғасады. Өтінімдер тамыз айынан бастап қабылданады.
Сонымен қатар ипотека нарығында екінші деңгейлі банктер өз өнімдерін ұсына бастады. Бұған қолданыстағы Заңға енгізілген өзгерістер ықпал етіп отыр. Саладағы бәсеке күшейе ме? Салымшылар үшін қаншалықты тиімді?
Баспана алуды жоспарлап жүрген қыз-келіншектер үшін жағымды жаңалық. Тамыз айында Ұмай бағдарламасы қайта іске қосылады. Мұны Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Бағдарлама талаптарына сәйкес бастапқы жарна ірі қалалар үшін 20 пайыз, ал өзге өңірлер үшін 15 пайыздан кем болмауға тиіс.
Оған тұрақты табысы бар және кейінгі 6 айда зейнетақы жарналары аударылған әйелдер қатыса алады. Салымшылардың атында үй болу-болмауы маңызды емес. Несиенің ең үлкен көлемі 50 млн теңге, ал мерзімі 25 жылға дейін. Пәтерді бастапқы және екінші нарықтан да таңдауға болады. Бағдарламаға қанша қаражат бөлінгені жайлы әзірге ресми мәлімет жарияланған жоқ. Қаржы көлемі, пайыздық мөлшерлемесі және қосымша шарттары кейін белгілі болады.
Ипотека нарығында банктер бәсекесі артты
Ипотека нарығында банктер бәсекесі күшейді. Тиісті заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, тұрғын үй жинақ жүйесіне екінші деңгейлі банктер қосыла бастағаны белгілі. Олар 20-50 пайыз аралығында бастапқы жарнасы бар ипотекалық бағдарламалар дайындады. Солардың бірі серіктес құрылыс компаниясынан ғана пәтер сатып алуды ұсынып отыр.
Тағы бірі қайталама нарықтан да үй алуға мүмкіндік береді. Алайда депозитте 50 пайыз жарна болу қажет және бағалау көрсеткіші ескеріледі. Сарапшылар айтуынша, саладағы бәсеке тұтынушылар үшін қолайлы. Алайда тиімділігі бірден байқала қоймайды. Оның үстіне мемлекет тарапынан жыл сайын берілетін сыйақы барлық банкке қатысты емес. Ол бұрынғыдай ұлттық даму институтының салымшыларына ғана арналады.
Ерболат Мыңғышпан, тұрғын үй саласының сарапшысы:
- Бұның нәтижесі 4-5 жылдан кейін ғана көріне бастайды. Егер басқа екінші деңгейлі банктер қазіргі салымшыларға тиімді жолдарын ұсына білсе, яғни алғашқы жарнаны, мысалы, 50 пайыз жинап, содан кейін барып төмен пайызбен несие алуымыз керек қой. Сол 50 пайыздың орнына, мүмкін, 10-20 немесе 30 пайыз етіп, салымшыларды қызықтыратындай жағдай жасаса, онда бұл жүйе бәсекеге қабілетті болып, жұмыс істеп кетуі мүмкін.
Ипотека рәсімдеу қызметі арзандады
Ипотека алушылар үшін тұрғын үй мәмілесін рәсімдеу қызметі арзандады. Биыл Әділет министрлігі нотариалдық тариф туралы бұйрыққа ресми түзету енгізді. Соған сәйкес, баспананы ипотека арқылы сатып алушыларға 3 есе жеңілдік жасалады. Яғни 12 емес, небәрі 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ғана қызметақысын төлеу керек. Нотариустар енді бұдан артық төлем талап ете алмайды. Ал қолма-қол төлем бойынша үй сатып алу қызметі бұрынғы бағада қала береді.
Ерболат Мыңғышпан, тұрғын үй саласының сарапшысы:
- Бұрын ипотекамен алынған үйлерді рәсімдеу кезінде нотариус қызметінің ақысы 4 АЕК болатын. Кейін бұл өзгертіліп, стандартты тариф ретінде 12 АЕК болып белгіленді. Мысалы, үйді қолма-қол ақшаға сатып алатын болсаңыз да, 12 АЕК төлеуіңіз керек еді. Қазір, шүкір, бұрынғы 4 АЕК мөлшерлемесі қайта енгізілді. Соның арқасында қазіргі таңда ипотека рәсімдейтін азаматтар үшін бұл әлдеқайда қолайлы болып отыр.
Үй саудасы туралы мәмілелер 28%-ға артты
Маусым айында ел бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату туралы 39 мыңнан астам мәміле жасалды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бұл алдыңғы айдағыдан 28 пайызға көп. Мұндай көрсеткіш жағынан Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр. Әрқайсысында 6 мыңнан астам мәміле рәсімделген.