Қазақстан мен ФАО топырақтағы көміртекті бақылау жүйесін әзірлейді

Қазақстан мен БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бірлесіп, үш жобаға кірісіп кетті. 

Атап атйқанда, органикалық көміртегін бақылауға арналған ұлттық жүйе әзірлеу, жасанды интеллекті арқылы зиянкестермен күресу және отандық тұқым шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. 

Көміртекті егіншілікке басымдық беріледі

Қазақстан мен ФАО топырақтағы органикалық көміртекті бақылауға арналған ұлттық жүйе әзірлейді. Астанада өткен кеңесте тараптар жобаға ресми түрде кірісті. Ұлттық жүйе топырақтағы органикалық көміртектің жай-күйі туралы нақты деректер алуға, жер ресурстарын тиімді игеру тәсілдерін бағалауға және елде көміртекті егіншілікті дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бастама Қазақстан мен БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арасында екі жыл бұрын іске қосылған серіктестік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Бағдарламаны Ауыл шаруашылығы министрлігі 10 жыл бойы қаржыландырады. Жыл сайын кемінде 2 млн доллар қарастырылған. Бүгінде біздің ел бұл жобаға 5,6 млн доллар жұмсаған.

Меруерт Бақтыбаева, Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты бас директорының орынбасары:

- Бұл жоба аясында зертханалық инфрақұрылымды жаңғырту, тиісті негіздеме әзірлеу, ұлттық бағалау жүйесін енгізу, отандық білікті мамандар даярлау және деректерді цифрландыру жоспарланып отыр. 

Жер төлқұжатына топырақ сапасы жазылады 

Елде мемлекеттік институт 53 млн гектар аумақты зерттеді. Соның 2,7 млн гектары тозғаны белгілі болды. Оған климаттық өзгерістер ғана емес, адами факторлар да әсер етіп отыр. 

Жерді күтіп-баптау жауапкершілігін арттыру үшін арнайы Заң қабылданғаны белгілі. Жаңа құжатқа сәйкес «жер» мен «топырақ» ұғымы бөлек қарастырылып, шаруаларға бірқатар талап қойылды. Мәселен, аумақтың құнарлылығын сақтау мақсатында агрохимиялық өңдеу міндеттеледі. Сонымен қатар жер телімдерінің өлшемі мен шекарасымен бірге топырақ сапасы туралы деректер көрсетілген цифрлық төлқұжат беріле бастайды. Алдағы уақытта шаруалардың өзі топырақ жағдайына тұрақты түрде талдау жүргізуі керек. Егер талдау деректері бірыңғай базаға енгізілмесе, оларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілмеуі мүмкін. 

Каналбек Райымбеков, Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты бас директорының кеңесшісі:

- Бұл нормаға сәйкес 1 қаңтардан бастап жер телімін жаңадан алатындарға жер паспорты бірден беріледі. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді бұрын алған тауарөндірушілерге жер паспорты өз өтініштері негізінде рәсімделеді. Менің ойымша, бұл тауарөндірушілер оған ынталы болады. Өйткені ауыл шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдау шаралары да осы жер паспортына қарай бейімделеді.

Қазақстан мен ФАО тағы екі жобаға кірісті

Бұдан бөлек, Қазақстан мен ФАО тағы 2 жобаға кірісіп кетті. Алқашқысы жасанды интеллект пен дрондар арқылы шегірткелердің таралуын бақылау және болжау жүйесін жетілдіруге арналған. Ал кейінгісі отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға, өсімдіктердің генетикалық қорларын сақтауға бағытталған. Соның ішінде «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасы іске асырылады. Отандық ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен БҰҰ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Алматы апортын кеңінен насихаттауға ерекше мән берілді.

Фитосанитариялық бақылау күшейтіледі 

Елде фитосанитариялық бақылау күшейтіледі. Деректермен жедел алмасу үшін бекеттер интернет желісімен қамтылды. Тиісті сараптамаларды ақылы негізге көшіру нәтижесінде зертханаларда жаңа штаттар ашылып, қызметкерлер саны 254-тен 372-ге жетті. Сондай-ақ зертханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, бақылау бекеттерінің жанынан жаңа нысандар салынған.