Мемлекет басшысы БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановты қабылдады
Елде Халықаралық еріктілер жылы аясында мыңнан астам іс-шара өткізіліп, волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады.
Бұл жайлы Мемлекет басшысы айтты. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановты қабылдады. Кездесуде Қазақстанның волонтерлік бастамаларын дәйекті түрде қолдағаны және Астанада өтіп жатқан ТМД волонтерлер форумына қатысқаны үшін Тойли Курбановқа ризашылығын білдірді. «Біз еріктілікті мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда, шынайы патриотизмнің және жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көрінісі ретінде қарастырамыз», – деді Президент. Өз кезегінде Тойли Курбанов БҰҰ Еріктілер бағдарламасымен жоғары деңгейде ынтымақтастық орнағанына, сондай-ақ Халықаралық еріктілер жылы аясында бірлескен жұмыстардың жолға қойылғанына тоқталды. Жүздесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы волонтерлікті дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Тойли Курбановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.