Қазақ-қытай ғылыми-технологиялық ынтымақтастық тереңдей түседі
Әсіресе ғарыштық мониторинг, жасанды интеллект, ядролық физика сияқты маңызды салаларға басымдық беріледі. Осы бағытта қазақ-қытай ғалымдары бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыратын болды.
Бейжіңде қос елдің Ұлттық ғылым академияларының президенттері кездесіп өзара келісімге келді.
Қазақстан мен Қытай бірлескен жерсерік инфрақұрылымын құрады. Осы арқылы еліміздегі мұздықтар, су, жер, табиғи ресурстарға ғарыштан мониторинг жасалады. Бұл жөнінде қос елдің Ұлттық ғылым академиялары басшыларының Бейжіңде өткен кездесуі кезінде белгілі болды. Барлық заманауи зерттеу амалдары жасанды интеллект құралдарымен ұштастырылады. «Бұл тек мониторинг емес, болжам жасап түрлі тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді», - дейді ғалымдар.
Чэнь Си, Қытайдың Чжэцзян Технологиялық университеті жанындағы геоақпараттық ғылымдар институтының профессоры:
- Ғарыштық мониторингтің арқасында Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қазақстанның экологиясын тиімді қорғауға мүмкіндік туады. Жинақталған деректер Қазақстанның ауыл шаруашылығында, соның ішінде ақылды технологияларды дамыту үшін қолданылады. Су тасқыны, құрғақшылық және зиянкестердің таралуының алдын алуға болады. Бұл жоба аясында 5 жерсерік ұшыру көзделіп отыр.
Сапар аясында қазақ-қытай ғылыми-технологиялық ынтымақтастығының басым 4 бағыты айқындалды. Соның бірі – ғылымға арналған жасанды интеллект. Енді Қытайдың үздік тәжірибесі еліміздің ғылыми цикліне енгізіледі. Келіссөз барысында тараптар мамандандырылған модельдерді өзара біріктіріп, бейімдеу жайын талқылады. Қытайдың бас ғалымы Хоу Цзяньго аса маңызды минералды ресурстарды барлаудың дәлдігін арттыру үшін «ақылды геология» бағытын дамытуды ұсынды. Жиында тараптар ғылыми кадр даярлау мәселесіне де ерекше тоқталды.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Жас ғалымдарымызды оқытамыз. Әсіресе, қазір бізге постдокторантура қажет. Яғни алған білімдерін шыңдап, одан әрі толықтыру керек. Осыған байланысты Қытай Ғылым академиясы Қазақстан үшін арнайы квота бөлетін болды. Сол квота бойынша біздің жас ғалымдарымыз Қытайдың қаражаты есебінен постдокторантурадан өтетін болады. Олар сол арқылы заманауи ғылыми ізденістер мен жаңа тәсілдерді үйренеді.
Кездесуде ядролық физика және энергетика саласы да қамтылды. Тараптар шағын модульді реакторлардың технологиясын бірлесіп игеруге және атом электр станцияларының қауіпсіздігін бірге зерттеуге келісті. Сондай-ақ «Алатау сити» ғылыми-технологиялық экожүйесін дамыту жайы сөз болды. Қазақсандық тарап жаңа шаһарда бірлескен технопарк құру туралы ұсыныс білдірді.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Ғылыми-техникалық технопарк құруымыз керек. Бұл — енді «Смарт Ситидің» негізі. Осыған байланысты Қытай Ғылым академиясының тәжірибесі өте үлкен. Олар осындай технопарктерді кезінде құрған. Мен бүгін Қытай Ғылым академиясының президентіне осы ұсынысты жасадым. «Өздеріңіз басқарып, осы технопаркті бірге жасайық» деп ұсыныс білдірдім. Бұған да келісім бар.
Айқындалған 4 басым бағыт қос елдің ұлттық ғылым академияларының жетекшілері деңгейінде нақтыланды. Енді егжей-тегжей пысықтау үшін арнайы жол картасы әзірленеді. Оны жасау үшін тараптар бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты.
Айта кету керек, кездесуге еліміздің ұлттық университеттерінің басшылары, институт жетекшілері қатысты. Сапар барысында делегация қытайдың үздік жоғары оқу орындарының тәжірибесімен танысып, бірқатар ғылыми нысанның жұмысын көрді.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы