«Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды
Бүгін «Ұмай» бағдарламасына өтініш қабылдау басталды. Әйелдер ипотекасын онлайн да, офлайн да рәсімдеуге болады.
«Ұмай»-дың алғашқы үш жылында 3 600-ден астам әйел қоныс тойын тойлады. Енді осы сан еселенеді. Десе де елде жалдамалы пәтерге сұраныс артып жатыр. Оған себеп не? Мамандар не дейді?
Бүгін көптеген қазақстандық әйел баспаналы болуға қадам жасайды. Иә, елде «Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. «Отбасы банк» несие беруге «Азия даму банкінен» 45 млрд теңге қарыз алады. Қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Дәл қазір «Отбасы банкке» 9 млрд теңге алғашқы транш аударылды. Ал әйелдер ипотекасын рәсімдеу үшін банкке бармай-ақ, онлайн оператор қызметін немесе Baspana Market-тегі жеке кабинетті пайдалана аласыз. Ең бастысы, жарты жылдағы ресми табысыңызды ұсынуға дайын болыңыз. Берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,8%. Ең жоғары қарыз сомасы 50 млн теңге. Ескеріңіз, 2016 жылға дейін салынған баспана бұл бағдарламаға ілікпейді.
Назерке Ғалым, «Отбасы банк» АҚ ресми өкілі:
- «Ұмай» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна өңірлерде 15 пайыздан басталады. Ал Астана мен Алматыда 20 пайыздан басталады. Бұл қаражатты қолма-қол сатушының қолына береді. Отбасы банкінде депозит болуы қажет, әрине, бірақ ол депозитте алғашқы жарнаның жатуы шарт емес. Егер әйел тұрмыста болмаса, өзіне ғана есептеледі. Егер әйел тұрмыста болса, күйеуі екеуінің жалақысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек.
«Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды
«Ұмай» бағдарламасы аясында Қарыз үйді жөндеуге де беріледі. 15 млн теңгеге дейін рәсімдей аласыз. Жөндеу несиесі бойынша «Отбасы банкіндегі» жинаққа қойылатын талап бар: депозиттің мерзімі кемінде 3 жыл, жинақ көлемі 50%, ал бағалау көрсеткіші – 16 болуы қажет. Бұл шарт орындалса, төмен мөлшерлемемен тұрғын үй заемына тезірек өтуге мүмкіндік бар. Ал «Ұмай» бағдарламасы бойынша ипотека рәсімдейтін әйелдер үшін «Отбасы банкіндегі» депозиттің болуы маңызды болғанымен, оның мерзімі есепке алынбайды.
Назерке Ғалым, «Отбасы Банк» АҚ ресми өкілі:
- Көбі: «Біз ақша жинадық қой бұрыннан бері, ол қалай болады?» - деп жатыр. Бұл жерде алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі бұрыннан бері депозитте қаражат жинаған болсаңыздар, ол сіздерге көмек ретінде келеді. Сіз қолма-қол ақшаны сатушыға бересіз, ал депозитіңізде қаншалықты қаражат жинағаныңызға байланысты пайыздық мөлшерлеме де өзгереді. Бізде «Отбасы банк» — құрылыс жинақ банкі ғой. Сол себепті тұрғын үй заемына да тез өтуге ықпал етеді. Мұнда да бірнеше жылдан кейін ипотекаңыздың пайыздық мөлшерлемесі 3,5-4 пайызға дейін төмендейді.
Ипотеканың үлесі артты
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бөлшек несие нарығы қысқа мерзімді тұтынушылық қарыздардан ұзақ мерзімді мақсатты кредиттерге, соның ішінде ипотекаға қарай ауысып жатқанын хабарлады. Жылдың алғашқы жартысында оның бөлшек несие портфеліндегі үлесі 46%-ға жеткен. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 21% еді. Мамандар әсіресе жылдың екінші тоқсанында ипотекаға сұраныс артқанын айтады. Олар «ипотека нарық өсімінің құрылымын өзгерте түсуі мүмкін» деген пікірде.