Мемлекет басшысы Ресей президентімен кездесті
Бішкекте ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы сауда, инвестиция және бірлескен жобаларды талқылады. Ресей басшысы Қазақстан Президентін Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі реформалар ұлттық мүддеге сай жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ Ресей Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала беретінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл үдерісті барынша қолдаймын.
Владимир Путин де Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, тауар айналымы өсіп, үкіметаралық комиссия екіжақты келісімдерді жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Гуманитарлық байланыс та нығайған. Қазір Ресейдің жоғары оқу орындарында 60 мыңға жуық қазақстандық студент білім алады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалады. Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар. Әсіресе, гуманитарлық саладағы байланыстарымыздың жандана түскені қуантады. Яғни барлық мәселе бойынша өзара түсіністік орнаған.