Солтүстік Қазақстан облысында 1,7 млн тонна астық жиналды

Солтүстікте де орақ науқанының қызған шағы.

Диқандар алтын дәнді уақытылы жинап алу үшін, тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда 1,7 млн. тоннаға жуық бидай қамбаға құйылған. Күзгі дала жұмыстарына 7 мың комбайн жұмылдырылды.

Биыл облыста 4,4 млн гектар алқапқа дәнді дақыл себілді. Қазір диқандар жаз бойы күтіп баптаған егінді шашау шығармай қырманға тасып жатыр. Кейбір шаруашылық бидайды жинап болып, майлы дақылдарға кірісіп кетті.

Александр Хитров, фермер:

- Қазір дәнді дақылдар толық жиналды. Оның сапасы көңілден шықты. Енді рапсқа орақ салдық. Әрине кей күндері жауын-шашын кедергі келтіреді. Бірақ жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Сондықтан ешқандай мәселе жоқ.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, әр гектардан орташа есеппен 15 центнерден өнім түсіп жатыр. Биыл Үкіметтен егін шаруашылығын қолдауға 1 трлн теңгеден аса демеу қаржы бөлінді. Бұл диқандарға көктемгі және күзгі дала жұмыстарын атқаруға мүмкіндік берді.

Дәурен Тоққожынов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бұл мүмкіндікті солтүстік қазақстандық диқандар да пайдаланды. Оларға 5 пайызбен 213 млрд теңге демеуқаржы үлестірілді. Оның 135 млрд теңгесі "Кең дала-2" бағдарламасы бойынша бөлінді.

Биыл өңірде егін шаруашылығын әртараптандыру үшін 1,2 млн гектар жерге майлы дақылдар егілді. Ал жиналған астықты 45 элеватор қабылдап жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ оқыңыз: