Қазақстан мен Лаос президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Лаос Президентінің Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады.  

 – Келесі жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – үлкен меже. Елдеріміздің қарым-қатынасы достық сипатқа ие. Екі мемлекет халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп отыр. Лаос мемлекеті біздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде көтерген бастамаларымызды қолдады. Ол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – Сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз. Осы сапардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға екі ел үкіметтері белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ Лаос елінің экономикасы соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқанына, әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салалары бойынша зор нәтижеге қол жеткізгеніне назар аударды.

Тхонглун Сисулит достас қазақ еліне арнайы сапармен келуге шақырғаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. 

– Президент мырза, сапар кезінде еліңіздің жан-жақты дамығанына, Сіздің басшылығыңызбен ауқымды өзгерістер жүргізіліп жатқанына куә болдым. Қазақстанға Лаос Президенті ретінде ресми сапармен келіп, Сізбен жүздесу – мен үшін зор мәртебе. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға елеулі үлес қосатынына кәміл сенемін. Келіссөз барысында көптеген мәселені талқылап, өзара ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын айқындаймыз әрі алдағы ортақ жұмысты ақылдасамыз деп ойлаймын, – деді Лаос Президенті.

Сондай-ақ оқыңыз: