Президент: Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз
Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз қажет.
Қазақстан Халық Кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Ол Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету міндеті тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ Президент мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете беретініне айрықша тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі елдегі түйткілдерді ашық талқылайтын, жұрттың ұсыныс-пікірлерін сараптап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт ретінде құрылғанын айтты. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – бұл халық. "Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы заңдылық", - деді Мемлекет басшысы.