Әлем мегаполистері шөгіп барады

Әлемде алып шаһарлар шөгіп барады. Өйткені жерасты сулары сарқылған. Күн ысып, құрғақшылық қысқан сайын жердің астындағы тіршілік нәрін де көбірек алып жатырмыз, деп хабарлайды 24KZ.


Бұған урбандалу қарқынын қосыңыз. Қазір әлем халқының 45%-ы қалада тұрса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 68%-ға жетеді. Демек жер асты суы азайып, есесіне жер бетінде биік ғимараттар мен көпқабатты үйлер көбейе бермек.

Индонезия астанасы Джакарта жыл сайын орта есеппен 15 сантиметрге шөгеді. Билік астананы жаңа қалаға көшіруге шешім қабылдаған. Бұл жоспардың айтылғанына бірнеше жыл болды. Алайда әлі нақты шаралар қабылданған жоқ. Зерттеушілер осыған алаңдайды. Өйткені 2050 жылға қарай қаланың үштен бір бөлігі, әсіресе Солтүстік Джакартаның 95%-ы толығымен су астында қалуы мүмкін. Бұл ел батпақты жерде, 13 өзеннің тоғысқан сағасында орналасқан. Жұмсақ, тығыздалмаған сазды топырақ зәулім ғимараттар мен инфрақұрылымның ауыр салмағынан жылдам басылып барады.

Ғалымдардың алаңдайтын жөні бар. Өйткені Джакарта – әлемдегі ең ірі мегаполис. 40 млн-нан астам тұрады. Сондай-ақ әлем бойынша халық ең көп шоғырланған Бангладеш, Жапония, Үндістан, Қытайдағы алып шаһарларда осы үрдіс байқалады.

Жер асты суын шамадан тыс пайдаланудың салдарынан 1920-1960 жылдары Жапонияның Осака жазығында жерасты суларының деңгейі 30 метрге дейін төмендеген. Соның салдарынан жердің шөгуі екі метрден асқан аймақтар болған. Бұдан кейін билік жерасты суын пайдалануға қатаң шектеу енгізіп, өндірістік кәсіпорындарды басқа су көздеріне көшіруге кірісті. Нәтижесінде жердің шөгу қарқыны күрт баяулаған. Тақауда Communications Earth & Environment журналында жарияланған зерттеу Осакадағы 1985-2025 жылдар аралығындағы жерасты суы мен жер бедерінің өзгерісін талдады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша жерасты суының деңгейі қайта көтерілген сайын жер беті де біртіндеп жоғарылай бастаған. Кей аумақтарда көтерілу қарқыны жылына 12 миллиметрге дейін жеткен.

Десе де барлық қала Осака сияқты тез қалпына келе алмайды. Мысылы, Мехикода жердің шөгуі әлдеқайда күрделі сипат алған. Мехикодағы басты мәселе – жерасты суларының шамадан тыс сорылуы. Қала ауызсудың шамамен 60 пайызын жер астындағы су қорларынан алады. Соның салдарынан жер астындағы бос қабаттар сығылып, топырақ төмен қарай шөге бастаған. Бұған урбанизация кері әсер етеді. Миллиондаған тұрғыны бар мегаполисте жаңа ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарының салмағы жұмсақ сазды топыраққа қосымша қысым түсіреді. Деректерге сүйенсек, Мехикодағы жердің шөгуі алғаш рет 1920-жылдары тіркелген. Содан бері жолдар жарылып, үйлер қисайып, теміржол жүйесі зақымданып келеді. Кей аудандарда су құбырлары да істен шыға бастаған.

Қытайдың Шанхай қаласы да бұл мәселені бастан өткерді. Жердің шөгуі өткен ғасырдың басында басталған. 1960 жылдардың ортасынан бастап билік жерасты суын алуды шектеп, кейбір сулы қабаттарға суды жасанды түрде қайта енгізген. Нәтижесінде жерасты суының деңгейі қалпына келіп, жердің шөгу қарқыны да бәсеңдеген. Бұл ретте зерттеушілер, егер суды тұтыну мен жер асты қабаттарының табиғи толықтырылуы арасында тепе-теңдік сақталса, қауіптің алдын алуға болатынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз: