Жаһан экономикасы келер жылы 3,4% өседі
Жаһандық экономика түрлі сын-қатермен бетпе-бет келсе де, жалпы өсім қарқыны бәсеңдеген жоқ. Тіпті Халықаралық валюта қоры келер жылы көрсеткіш өседі деп болжап отыр. Десе де тәуекелі жоғары, деп хабарлайды 24KZ.
Таяу Шығыстағы қақтығыс, энергетикалық ресурстардың қымбаттауы, мемлекеттік қарыздың өсуі және инфляциялық қысымның әсері экономикаға кез келген уақытта ауыр соққы болады. Тығырықтан шығар жол қайсы? Әлем қайтіп күреседі?
Әлемдік экономиканы тәуекелге толы кезең күтіп тұр. Халықаралық валюта қоры 2026 жылға арналған жаһандық экономикаға қатысты болжамын шілдедегі 3%-дан 3,1%-ға дейін көтерді. Ал келер жылы 3,4% өседі. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы 3,5%-дық өсім деңгейімен шамалас. Биыл жылдың алғашқы жартысында-ақ соғыс пен халықаралық саудадағы шиеленіске қарамастан экономикалық өсім жоғары болды. Бұған жеткізу бағыттарының өзгеруі, қақтығыстан тыс елдерде өндіріс көлемінің артуы, стратегиялық қорларды пайдалану және баламалы энергия көздеріне көшу ықпал етті.
Сильвана Тенрейро, Халықаралық валюта қоры зерттеу бөлімінің директоры:
- 2027 жылы экономикалық өсім 3,4% деңгейінде сақталады. Бұл болжамға екі негізгі фактор әсер етеді. Біріншіден, соғыс салдарынан энергия ресурстары мен басқа да шикізат тауарлары бағасының өсуі. Бұл бағаның қымбаттауына әкеліп, экономикалық белсенділікті тежейді. Екіншісі, жасанды интеллекттің дамуымен байланысты технологиялық серпіліс. Ол бағаның да, экономикалық белсенділіктің де өсуіне оң ықпал етеді.
Алайда бұл – тығырықтан шығудың уақытша тетіктері. Халықаралық валюта қоры жаһандық инфляцияға қатысты болжамын 4,7%-ға дейін көтерді. Келер жылы 4,1%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Ал базалық инфляция биыл 3,9%, 2027 жылы 3,7% деңгейінде болмақ. Бұл энергетикалық ресурстар бағасының өсуі инфляциялық қысымды күшейтіп отырғанын білдіреді. Сондай-ақ биыл жыл соңына қарай мұнай бағасы 41%-ға өсіп, әр баррелі 95,74 долларға жетеді. Сосын келер жылы 87 долларға төмендеуі мүмкін. «Алайда мұнай бағасы төмендеген күннің өзінде, тасымал, өндіріс және басқа да шығындардың жоғары деңгейде сақталуы инфляцияның баяу төмендеуіне әкеледі», – дейді сарапшылар. Әрі Ормуз бұғазында кеме қатынасы қайта жандана ма, жоқ па, оған қатысты болжамдар бұлыңғыр. Егер қақтығыс ұзаққа созылса қара алтынның құны әр барреліне шаққанда 130 долларға қымбаттауы мүмкін.
Мұнай қымбаттаса инфляцияға қысым бірнеше тараптан күшейеді. Тек энергетика саласымен шектелмейді. Тасымал шығындары артады. Бұл азық-түлік пен өндірістік тауарлардың бағасын көтереді. Тыңайтқыштардың қымбаттауынан ауыл шаруашылығы өнімдері екі есе өседі. Компаниялардың шығындары көбейеді. Ақыры халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Осы тұста орталық банктер инфляцияны тежеуге тырысады. Ал пайыздық мөлшерлемелерді тым жоғары деңгейде ұстау экономикалық өсімді бәсеңдетуі мүмкін. Жан қысылған шақта бірқатар мемлекет стратегиялық қордағы мұнайын да нарыққа шығарды. Егер жағдай ушығатын болса, шикізаттың орнын толтыру да қиындай түсетіні анық. Сондықтан энергетика нарығындағы тұрақтылық тек мұнай өндірушілер үшін емес, әлемдік экономика үшін де маңызды.
Әлемдік экономикадағы өзгерістер тек өсім мен инфляция көрсеткіштерінен көрінбейді. Бұрын жаһандану жағдайында мемлекеттер мен компаниялар өндіріс шығынын азайтып, барынша тиімді жұмыс істеу маңызды болса, қазір тұрақтылық пен қауіпсіздік маңыздырақ. Яғни барынша жеткізу тізбегін әртараптандыру, энергия көздерін тұрақтандыруды көздейді.
Жаһандық экономикадағы өзгерістер жасанды интеллекттің қарқынды дамуымен байланысты. Технологиялық инвестициялар артып, жасанды интеллектке қатысты өнімдер әлемдік сауданың дамуына ықпал етіп отыр. Дегенмен жаңа мүмкіндіктер барлық мемлекетке бірдей қолжетімді емес. Технологиялық серпілістің игілігін ең алдымен қаржысы мол, инфрақұрылымы дамыған және білікті маманы көп елдер көруі мүмкін. Ал дамушы мемлекеттер энергетикалық тұрақсыздық пен қарыз жүктемесін еңсеруге басымдық беруге мәжбүр. Бұл жағдай елдер арасындағы технологиялық алшақтықты одан әрі күшейтуі мүмкін.