Қ. Тоқаев: Құтқарушылардың еңбегі әрқашан көз алдымызда

Азаматтық қорғаныс саласына озық технология мен жасанды интеллектіні енгізу керек.

Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да өзекті мәселе қатарында. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, бес жылда атқарылған жұмысты жіпке тізді. Еліміз іргелі өзгерістерге қадам басқанын айтып, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне назар аударды. Жиын соңында қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.

Әлішер Әли, тілші:

- Қысы-жазы жарғақ құлағы жастыққа тимей, от пен судың ортасында жүретін бейбіт күннің батырлары бас қалада бас қосты. Сала мамандарының мерекесі қарсаңында Президент құтқарушыларға Ақордада құрмет көрсетті. Әдетте тілсіз жаумен күрестің алғы шебінде жүретін ерлердің жайдары қалыбын да осы жерден көре аласыз. Мың күнгі бейнеттің арасындағы санаулы ғана шадыман шақтың бірі бұл.

Әдетте от пен су, жер мен желдің өтінде жүретін құтқарушылардың бір парасы бүгін Президентпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев оларды кәсіби мерекесімен құттықтап, ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құтқарушылардың еңбегі қашан да еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін өз өмірін қатерге тігеді. Бұл нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын.

Президент қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына назар аударып, 5 жылда атқарылған жұмысты жіпке тізді. Мәселен, 2021 жылдан бері құтқарушылар 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсеткен. Кейінгі 3 жылда 3 мыңдай техника сатып алынып, 60-қа тарта өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы бой көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалды-техникалық әлеуетін нығайту да өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады. 

Денені шынықтырумен шектелмей заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Президент құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін салаға цифрлық технологиялар енгізіліп жатқанына назар аударып, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне тоқталды. Бүгінде осы бағыт бойынша ауыл құтқарушылары бастамасы қолға алынып, екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде ауыздықталды.

Президент осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдануды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек.

Қиналған адамға көмек қолын созу ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет те өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды.

Мәселе де, мәртебе де түгенделіп біткен соң, кезек марапатқа көшті. Президент құтқарушыларға "Даңқ", "Айбын", "Құрмет" ордендерімен "Ерлігі үшін" және "Ерен еңбегі" медальдарын табыстады.

Ал алматылық Дархан Рысбаев болса Алатауда тас астында қалған шет ел азаматшасын ажалдан аман алып қалды.

Президент қолынан марапат алғандардың қатарында шенділерден бөлек жомарт жандар да бар. Абай облысындағы «Ағайынды» шаруа қожалығының басшысы бүгін «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Жанат Ибрагимов өз туған өлкесіне өрт сөндіру бекетін салып берген.

- Бұлар өмір мен өлімнің арасындағы күресті кәсіп қылған қауым. Құтқарушыларда демалыс деген атымен жоқ. Аптап ыстықта да, саршұнақ аязда да жәрдемін беруге әзір. Олардың алдында қауіптің өзі қауқарсыз, оттың өзі осал... 

Авторлары Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бақытбек Нұртаев

Сондай-ақ оқыңыз: