Қ. Тоқаев ТМҰ-ға мүше елдер басшыларымен Түркі әлемі аллеясына ағаш егу рәсіміне қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен бірге астаналық «Бештепе» саябағындағы Түркі әлемі аллеясын ашты.
Аталған алаңда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің ұлттық павильондары орналасқан. Экспозицияларда бауырлас халықтардың ынтымақ-бірлігі мен сан алуан мәдениеті, бай рухани дәстүрі көрініс тапқан. Мәселен, онда Ұлы дала рухы мен түркі дүниесінің ортақ нышаны ретінде Қазақ киіз үйі бой көтерді. Сондай-ақ Мемлекеттер басшыларының назарына қазақ халқының дәстүрлі саятшылық өнерін паш ететін «Сақ аңшысы» мүсіндік композициясы ұсынылды. Бұдан бөлек мәртебелі меймандарға көне түркі жазба мәдениетінен мол мағлұмат беретін Орхон ескерткіштері көрсетілді. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларымен бірге Түркі әлемі аллеясына ағаш егу рәсіміне қатысты.