389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия Араб Республикасына Қазақстаннан гуманитарлық жүк жеткізілді

  • 672
  • UPD: 19:57, 06.01.2017

Сирияның Тартус портына қазақ елінен гуманитарлық көмек жеткізілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен қарулы қақтығыстардан жапа шеккен Сирия халқына 500 тонна азық-түлік жөнелтілген болатын. Сириялықтар Қазақстанның көмегін күткен болатын, бүгін міне қажетін алып қуанып отыр. Сирия сыртқы ведомствосы басшысының орынбасары Фейсал Аль-Мекдад осы елдегі Қазақстанның елшісі Азамат Бердібаймен кездесуі кезінде Үкімет атынан Қазақстан Президенті мен оның халқына алғысын білдірді. Гуманитарлық жүк келген порт Сирия астанасынан алыста орналасқан.

Ол жерге қаруланған топтар күзетіп отырған елді-мекендер маңындағы айналма жолдармен ғана жетуге болады. Сондықтан да портқа ресми тұлғалардан тек Тартус губернаторы ғана келді. 

Ясер Диб, Тартус провинциясы кеңесінің төрағасы:

- Қазір Тартуста Сирияның өзге өңірлерінен келген азаматтар да тұрады. Сол себепті бұл гуманитарлық көмектің біз үшін орны бөлек. Қазақстанның осы бір қиын-қыстау сәтте қол ұшын беруі қаншама отбасының өмірге деген сенімін оятты. Бұл ретте мен барша Сирия халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына шексіз ризашылығымды білдіремін.

Айта кетейік, Алеппо, Дамаск басқа да провинцияларға көмек бірнеше апта ішінде жетеді. Көмекті халықтың қажеттілігіне қарай бөліп таратуда. 500 тонна жүктің арасында консервідегі ет пен ұн, шәй және макарон өнімдері бар. Жүк салынған әр қалташағы «Қазақстан» жазуы бар белгі басылған. Қазір халықаралық қауымдастық қанша жерден күш біріктірсе де, аймақтағы ахуал көңіл көншітпейді. Осыған байланысты мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сирия жеріне азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдаған еді. 

 

Хабар 24 телеарнасы