384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Біріккен Араб Әмірліктерінің кәсіпкерлері Қазақстанда жұмыс істеуге дайын

  • 1388
  • UPD: 09:22, 16.01.2017

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында осы елдің іскер топ өкілдерімен кездесті. Жиында Президент екі елдің бизнес байланысы жанданып келе жатқанын жеткізді. Оның жарқын көрінісі ретінде Астанадағы «Абу Даби Плаза» орталығын айтты. Сондай-ақ Елбасының қатысуымен түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға сеп болатын маңызды құжаттар бекіді.

Ел Президентін Біріккен Араб Әмірліктері басшылығының жылы қарсы алуынан сапардың сәтті басталғаны аңғарылды. Тіпті әуежайда шағын кеңес өтіп, алдағы шаралардың достық шырайда өтетіні сезілді. Көп кідірмей Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Мушриф сарайына келді. Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Президентке зор құрмет көрсетті. Кеңейтілген құрамдағы кездесуде көп істің көбесі сөгіледі. Мұнда қос тарап та ұстанымдарын барынша ашық ұсынады. Бұл ретте Қазақстан мен Әмірліктер елінің мүдделері бір арнада тоғысты. Сауда-экономика, инвестиция, энергетика және мәдени-гуманитарлық салаларда екі ел қатынасты ширатады. Қазақ елі тәуелсіздік алағанан бері Елбасы бірнеше рет Біріккен Араб Әмірліктеріне келіп, екі елдің қатынысын мықтауға күш салды. Нәтижесі көңілге қонымды. Өткен жылдың 11 айындағы көрсеткішке көз салсақ, алыс-беріс 326 миллион долларға жеткен. 2015 жылмен салыстырғанда 216 миллион долларға артық. Байыпты байланыстың биігі бұл емес. Алдағы уақытта серіктестікке серпін қосылады. Дәлел, кеңейтілген жиын соңында Экспо көрмесіне қатысты және Инвестициялық даму, туризм салаларын қамтитын маңызды құжаттарға қол қойылды. Меморандум іске асу үшін қос тарап қол жеткен уағдаластық бойынша қарекет жасайды. Еліміз егемендік алғанан бері Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Сәйкесінше елімізде ауыл шаруашылығы, метеллургия, және энергетика салаларында бірлескен 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Келешекте инвестициялық жобалар еселенбек. Өйткені бүгін Елбасы Calatrava Grace Corporation басшыларымен кездесті. Бұл - жылжымайтын мүлікке инвестиция салып жүрген әлемдегі ірі компанияның бірі. Енді холдинг Астанада екі ірі жобаны жүзеге асырады. Оның бірі - жабық сулы-жасыл желек-жол болса, екіншісі – Astana Sport City орталығы. Қазақстандағы тұрақтылық пен инвестициялық ахуалды шетелдік кәсіпкерлер жақсы біледі. 25 жылда елімізге 265 миллиард долллар инвестиция тартылған. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әмірліктердің іскер топ өкілдерімен кездесуінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан жан-жақты инвестициялық қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвестор корпоративтік табыс және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Қазақстанның Инвестиция және даму министрлігі барлық инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша 300-ге жуық қызмет түрін көрсетеді.

Біріккен Араб Әмірліктерінің кәсіпкерлері Қазақстанда жұмыс істеуге дайын. Себебі бізде инвесторға барлық мүмкіндік бар. Тіпті Әмірліктер елінің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Және олар қазақ елінің Еуропа мен Азияны жалғап тұрғанын жақсы біледі. Ал ол - үлкен нарыққа төте жол.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Экономикалық аймақтар үшін тиісті жеңілдіктер жасалған және рұқсат беру рәсімі оңтайландырылған. Мемлекет индустриялық аймақтарда қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Қазақстанды Араб Әмірліктерінің индустриялық аймақтар жұмысы жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Біз осындай аймақтарды Біріккен Әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз.

Осы жылы Astana EXPO-2017 көрмесі өтеді. Оған Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері де белсенді түрде қатысады. 2020 жылы Дубай қаласында Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылады. Оған Әмірліктер елі әзірлікті бастап жатыр. Сондықтан оларға біздің елге келіп, тәжірибе жинақтауына жол ашық. Онымен бірге әлем бойынша мұнай шығарудан 8-ші орын алатын ел алдағы уақытта шикізаттық өнімнен алшақтауды көздейді. Себебі жарқын болашақ инновация мен білімде. Осы қағида негізінде ертең Әмірліктер елі Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитін өткізеді. Оған қазақ елінің көшбасшысы қатысады.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков.

Хабар 24 телеарнасы