387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаев ҚР-ның Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады

  • 1298
  • UPD: 21:49, 06.03.2017

Елімізде кез келген діни бірлестіктің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Бұл салада бізге байыптылық керек. Сонымен бірге, діни экстремизм мәселелерін реттеп, заңнаманы қайта қарастыру қажет. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдау барысында осылай деп мәлімдеді. Сала басшысы Президентке ведомствоның қызметі мен алдағы жұмыс жоспары туралы есеп берді.

Елбасы бұған дейін елімізде мұндай министрліктің болмағанын тілге тиек етіп, діни қоғамдастықтар және үкіметтік емес сектормен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Ермекбаев министрлік алдында тұрған басты міндет этносаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді сақтай отырып, діни бірлестіктердің қазақстандық моделін қалыптастыру екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі қалыптасып отырған ахуалға байланысты осындай министрлік құрылды. Ол министрлікке артатын үміт өте үлкен. Бұрын-соңды мұндай министрлік болған жоқ. Дін басқарып отырған азаматтармен бірге жұмыс істеуі керек.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

- Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлі дін саласында жағдай тұрақты. Елімізде 18 конфессия бар. Оның барлығы 3600-ден астам діни бірлестіктен тіркелген. Қазір біздің басты мақсатымыз дін саласында этнос және конфессияаралық татулықты, келісімді сақтап, діни бірлестіктер арасындағы өзіміздің жүйемізді қалыптастыру. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Министрлік құрылғалы кадрлық мәселелер шешілген.

Ермекбаев министрлікке жүктелген үш бағыт дін саласы мен азаматтық қоғам және іс-қимыл, жастар саясатын іске асыру екенін айтып, Елбасының Жолдауына тоқталды. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

- Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген кез келген діни радикализмге, діни фундаментализмге жол бермеу және кез келген радикализмнің көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру қажет екендігі айтылды.

Хабар 24 телеарнасы