389,91 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ерлан Сағадиев «өз командасын алып келді» деген айыпты жоққа шығарды

  • 1120
  • UPD: 16:24, 09.03.2017

Білім және ғылым министрі Бекболат Тілеуханмен жекпе-жекке шықпайтын болды. Ерлан Сағадиев баспасөз бетіндегі пікірталастың ешқандай қажеті жоқ дейді. Өйткені, депутат көтерген «Әліппе» мәселесі шешіліп қойған. Яғни, бұдан былай дәл осы оқулықты нөлінші сыныптың балалары оқиды. Ал дауға шатылған «Сауат ашу» пәнінің атауы «Ана тілі» болып өзгертіледі және оны оқушылар бірінші сыныптан меңгере бастайды. Аталған өзгерістер 2019 жылдан бастап жаппай енгізілбек.

Сәйкесінше, жаңа оқулықтар да осы уақытта шығады. Ал қазір ол пилоттық үлгіде сынақтан өтіп жатыр. Үкіметтің брифингінде тілшілер қойған сұраққа осылай жауап берген Ерлан Сағадиев жекпе-жектің керегі жоқтығын кесіп айтты.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бекболат Тілеухан баспасөз бетіне неге түсейік деп жатыр. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Қазір Бекболат Тілеуханды оқулықтардың комиссиясына шақырдық. Бүгін мен Мәжіліске хабарласып айттым, 11 депутаттың бірі Бекболат Тілеухан. Ол сол комиссияға барып, жұмысын көрсетсін.

Бұған қоса Білім министрі өзіне қатысты «командасын алып келіп, басшыларды ауыстырды» деген айыпты жоққа шығарды. «Министрлікте жұмыс істеп жүрген адамдардың ешқайсысымен мұнда келгенше таныс емеспін. Көмекшім ғана болды. Қалғандарымен ведомствоға келген соң таныстым. Барлығы 250 адам. Командасын алып келіпті деген айыптауды алғаш естіп отырмын», - деп мәлімдеді министр.

Хабар 24 телеарнасы